Департамент қызметкерлері өрт қауіпсіздігі желісі бойынша 4 балалар сауықтыру лагерінде 25 бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Ақмола облысында барлығы 17 балаларды сауықтыру лагері бар, олардың 13-і қазіргі уақытта жұмыс істейді. 9 лагерь шағын кәсіпкерлікке жататындықтан қызметкерлер ол орындарды тексерген жоқ. Тексеруге жататын 4 балалар сауықтыру лагерінде тексерулер жазғы демалыс басталғанға дейін жүргізілді. Осылайша, Бурабай, Сандықтау, Атбасар және Аршалы ауданының лагерьлерінде 25 бұзушылық анықталды, ол лагерьлер жұмыс істей бастаған кезде барлық бұзушылықтар түзетілді. Ескерту түрінде 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Лагерьлерге тексеру жүргізу барысында өрттерді анықтау және сөндіру жүйелерінің болуы мен жұмыс қабілеттілігіне, объектілердің алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуіне, эвакуациялау жолдарының болуы мен жай-күйіне, объектілердің өртке қарсы сумен жабдықталуымен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ, электр желілерінің техникалық жай-күйіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, тексеру жүргізу барысында қызметкерлермен өрт туындаған жағдайдағы іс-қимылдар бойынша 52 нұсқама және 13 оқу-жаттығу өткізілді», – деді Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.
ТЖД қызметкерлері өткен кезеңде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша балаларды сауықтыру лагерлерінде 8 акция өткізген. Азаматтарға өрттің алдын алудың маңызды шарты – өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және орындау болып табылады, балаларды ересектердің қарауынсыз үйде жалғыз қалдырмаңыздар.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі