spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Халық таңдауы

Сондай-ақ...оқыңыз

1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақ­стан Республикасы Прези­денті­нің алғашқы бүкілха­лық­тық сайлауы өтті. Бұл күн қазақ­стандықтардың алғаш рет өз Президентін өзі таңдап, ел дербестігі демократиялық сайлау арқылы мақұлданған айтулы күн ретінде тарихта қалды. Шын мәнінде дәл осы күні еліміздің тарихында алғаш рет нағыз демократия талаптарына сәйкес келетін бүкілхалықтық сайлау өткен еді, egemen.kz хабарлайды.

Осылайша, Қазақстан халқы өзінің тағдырын, мемлекеттің болашағын Президентке сеніп тапсыра алатынын алғаш рет айқын сезіне алды. Нақтылай айтқанда, 1991 жылдың 1 жел­тоқсанында Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тарихында жаңа қоғамдық-саяси кезеңге сәтті қадам жасалып, ел еңсесі көтеріліп қалды. Сайлау нәтижесі тек ел Президентін айқындап қана қойған жоқ, сонымен бірге Қазақстанның өз тәуелсіздігін жа­риялау мәселесін күн тәртібіне шы­ғаруына кеңінен жол ашты. Бұл тәуелсіздік тарихындағы ең шешуші қадамның бірі – Тұңғыш Президент сайлауы болғанын анық аңғартады.

Аталған бүкілхалықтық сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысқан дауыс берушілердің 98,7 пайы­зы­ның дауысына ие болды. Сай­лауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 88,2 пайызы қатысып, қазақстандықтар зор саяси белсенділік танытты.

Сол күндердің атмосферасы әлі күнге дейін есімде. Кеңес Одағының соңғы күндері еді, одақтас республикалар бірінен соң бірі өз егемендігін жариялап жатты. Мұның өзі бұрынғы шаруашылық байланыстардың үзіліп, экономиканың көз алды­мыз­да құлдырап, кәсіп­орын­дардың тоқтауына, жұмыссыздық ұлғайып, адамдардың әлеуметтік жағдайы күрт нашарлауына әкеліп соқты.

Осындай қиын-қыстау кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев ха­лық пен мемлекеттің тағ­ды­рына қатысты барлық жауап­кер­шілікті өз мойнына алды. Оған жаңа тәуелсіз мемлекетті қалыптастырудың бастауында тұрудың аса жауапты миссиясы жүктелді.

1991 жылы тікелей және бүкілхалықтық Президент сайлауы жарияланған кезде Қазақстан халқы оны мақұлдай отырып қабыл алды. Сайлау азамат­тардың белсенділігін бұрын-соңды болмаған деңгейде арттыра түсті. Ал олардың Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайлауға нақты қа­тысуы Отан тағдыры үшін жауап­кершілік сезімін арттырып, патриотизм мен рухани өрлеудің шарықтауына жол ашты.

Жаппай барлық жерде Нұрсұл­т­ан Әбішұлының кан­дида­турасын қолдауда баста­ма­­шыл топтар құрыла баста­ды. Кандидаттың сенімді тұлғалары­ның ішінде қоғамның көптеген жар­қын өкілі болды. Сол кез­дегі барлық әрекет етуші саяси партиялар, қоғамдық ұйым­дар мен қозғалыстар, діни қайрат­керлер, зиялы қауым, жастар, мұға­лім­дер мен дәрігерлер, көп­теген еңбек ұжымы Нұрсұл­тан Назарбаевты қуана қолдайтындарын білдірді. Сайлау үрдісі заманауи сайлау технологияларын қолданбай-ақ, демократиялық тұрғыда өткенін ерекше атап өткім келеді.

Президент сайлауына қатысу­шы және ұйымдастырушы ретінде мен барлық өңірдегі сай­лаушылардың өздері сенім артқан кандидатын – Нұрсұлтан Назарбаевты қалай қарсы алға­нына куә болдым. Адамдар ста­диондарда, зауыттарда, фабрикаларда көптеп жиналып, өзекті мәселелерді көтерді. Олар балаларының болашағы, елдің болашағы үшін алаңдаушылық таныта отырып, өз ұсыныстары мен аманаттарын айтты.

Сайлаушылар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы алдағы жылдарда туындайтын қиындықтарды жасырмады, КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанды не күтіп тұрғанын ашық айтты. Оның республиканы дамытудың негізі ретінде қоғамда этносаралық және діни келісімді сақтауға, бірлікке шақыруы барша жұрттың тарапынан толық түсіністік пен қолдауға ие болды. Ол коммунистік жүйенің қайтып келмейтінін, жаңа кезеңдер туа­тынын айта келіп, бұлармен бірге күтпеген жаңа өзгерістер де туындайтынына, алда жақсы күндер күтіп тұрғанына сенім білдірді. Сонымен қатар Елбасы экономикалық басымдықтар, сая­си өзгерістер жолдары және ел дамуының рухани-идеологиялық модельдері туралы өз көзқарасын ортаға салды.

Куәгерлер мен сайлауға қатысушылар осы күнге дейін 1991 жылғы 1 желтоқсанда барлық сайлау учаскесінде, қала­лар мен ауылдарда жал­пы­халықтық мереке болғанын естерінен шы­ғар­майды. Себебі басқаша болуы да мүмкін емес еді, өйткені Қазақстан халқы қазіргі заманғы тарихта тұңғыш рет мемлекеттің бірінші басшысын өзі сайлады.

Бұл ретте Нұрсұлтан Әбіш­ұлының өзіндік дара харизмалық тұлғасы маңызды рөл атқарғанын айта кеткен жөн. Оның әңгіме жүргізу қабілеті, қарапайым адамдардың өмірін терең түсіне білуі, елдің ішкі және сыртқы саясатының болашағын тап баса болжай білу қасиеті, әлемдік саяси-экономикалық үрдістерді, заман ағымын саралай алатын білімділігі, өз ісінің дұрыстығына деген берік сенімі, алғырлығы, саяси ерік-жігері әрқашан да шынайы таңдануды тудырды.

Кейін егемен еліміздің тарихындағы айтулы датаға айналған  1 желтоқсан жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып бекітілді. Әрине, ол заңды да. Нақты айтар болсам, 2011 жылдың 10 желтоқ­санында Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы»  Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» заң қабылданды.

Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың еліміздің бір­лігін, Ата заңын, адам мен адам­зат­тың құқықтары мен бостандық­тарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы тұлға екені дау тудырмайды. Бұл – анық та ақиқат жайт. Сондықтан аталған Заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекетімізге сіңірген өлшеусіз еңбегі нақты танылды. Сондай-ақ бұл шешім арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға, өз халқына сіңірген еңбегіне баға беріліп қана қойылған жоқ, тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы Президент институтының мәртебесіне, оның маңыздылығына баса назар аударылды. Барша қазақ­стандықтардың, хал­қы­мыз­дың Президент институты­ның, президенттік басқарудың өте қажеттігін терең түсініп, оны таңдағанына, яғни халық таңдауына аталған заң арқы­лы баға беріліп, лайықты құрмет көр­сетілді деуге болады. Сондықтан да барша қазақстандық аталған шешімді оң қабылдап, жыл сайын 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде ерекше жағдайда атап өтіп келеді.

Осы мереке туралы Заңның қабылдануы үшін дауыс бергенде, менің бойымды дәл сол 1991 жылдағыдай өз елім үшін мақтаныш сезімі кернеді. Қазақ­стан тәуелсіздік жылдарында Ел­басының саяси бағытымен ілге­рі­лей отырып, әлемде танымал әрі құрметті, қазіргі заманғы, сер­пінді дамып келе жатқан, әлеу­меттік бағдарланған ХХІ ғасыр мемлекетіне айналды.

 

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img