«Елбасы. Тәуелсіздік шежіресі». Тарих тоғысында»: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Киевте деректі фильм экранға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туынды 1991 жыл Қазақстан халқы үшін сынақ іспетті болғанын баяндайды. Мемлекеттік егемендік туралы Декларация және оның тарихи маңызына ерекше мән беріледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы жайлы мұрағат деректері келтірілген.
Атап өту керек, Қазақстанның бұл бейбітшіл идеясы негізінде Президент Жарлыққа қол қойған 29 тамыз – Дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні ретінде аталып өтеді.
Данияр Егамбердиев, Киевтегі «Достық» қазақ мәдени қоғамының төрағасы:
– Бізге көп ұнаған жері – Олжас Сүлейменов Семейдегі полигонның жабылуы туралы жақсы айтты, бізде әлі ақпарат кем. Жақсы ақпарат алдық бүгін. Украинадағы Қазақ диаспорасы бұл фильмді ыстық қабылдады. Арғы сериалдарын да күтеміз.
Сергей Евтушок, Украинаның жоғарғы рада депутаты:
– Шынымды айтсам, Семей ядролық полигоны жайлы білемін. Алайда осы полигонды жоюға қатысты Қазақстанның батыл іс-қимылымен бүгін ғана деректі фильм кезінде жақынырақ таныстым. Әсіресе, бұл қаруды тоқтатқан Тұңғыш Президент Жарлығы жайлы көп мәлімет алдым.