Ақмола облысында көктемгі су тасқыны қаупі сейіліп, өзен арналарында судың көтерілу деңгейі азайды, – деп хабарлайды «Aqmola news».
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов мәлімдеді.
«Биылғы жылы су тасқыны жағдайы өңірдің бірнеше аймағына қауіп төндірді. Осы жылдың 17 наурызына қараған түні Көкшетау қаласында Қылшақты өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты автомобиль көпірі арқылы 183 тұрғын үй мен № 8 және 12 орта мектепті су басу қаупі туындады. Ал 6 сәуір күні Есіл ауданында Жаныспай өзені арнасынан асып, Московское ауылындағы 10 аула маңы аумағы мен тұрғын үйлерді суға кетуі қаупі болды. Сандықтау ауданында Жабай өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты Балкашино ауылындағы 2 үйдің ауласын су басты. Атбасар ауданында Жабай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 сәуірде Астрахан ауданында, Атбасар қаласының жағалауындағы тұрғын үйлерді де қауіп күшейді. Дегенмен, өткізілген алдын алу іс-шараларының арқасында құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар облыстағы тұрғын үйлерді су басуына жол бермеді», – деді Алексей Сергеевич.
17 сәуірде су деңгейінің көтерілуі басылып бірінші кезең шекті межесіне жетті. Екінші кезең ормандарда қар еріген тұста басталмақ. Бірақ ол аса үлкен қауіп туғызбайды деп болжануда.