Ақмола облысының Макинск қаласында өрт кезінде зейнеткер әйел қаза болды, деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 2 қараша түс ауа болған. Бұланды ауданындағы төтенше жағдайлар бөліміне «101» телефоны арқылы 16 сағат 05 минутта хабарласқан адам Куйбышев көшесінде тұрғын үйден өрт шыққанын хабарлаған.
«Оқиға орнына дереу төтенше жағдайлар қызметінің 1 өрт сөндіру техникасы мен 7 сарбазы аттанды. Өрт сөндірушілер жеткенде үй ішіндегі жиһаздар өрт шалғаны анықталған. Тілсіз жауды сөндіру кезінде ас бөлмесінен 84 жастағы үй иесі кеюананың мәйіті табылды. Өрт жалпы аумағы 20 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт 16.19-де ауыздықталып, 16.30-да толығымен сөндірілді. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Оқиға орнына Бұланды ауданы полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы мен өрт сөндірушілердің сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр», – дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.