Ақмола облысы әкімінің өкімімен бүгіннен бастап облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына Данияр Қуанышбаев тағайындалды, деп хабарлайды «Aqmola News».
Бүгін ведомство басшысын облыс әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев таныстырып, жаңа басшының мемлекеттік басқару саласындағы үлкен кәсіби тәжірибесін атап өтті.
«Қазіргі уақытта басқарма алдында маңызды міндеттер тұр. Жылыту маусымына дайындықты уақтылы аяқтау және елорда маңындағы өңірлердің тұрғындарын газдандыруды қамтамасыз ету, сонымен қатар энергетика және ТҮКШ саласындағы басқа да маңызды жобаларды сәтті іске асыру қажет», – деді Малғаждар Тәткеев.
Данияр Қуанышұлы Қуанышбаев 1985 жылы 15 қаңтарда Көкшетау облысы Рузаев ауданы Гавриловка ауылында дүниеге келген. Жоғары экономикалық білімі бар. 2006 жылы Абай Мырзахметов атындағы университетті, кейін Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-ді «Құрылыс» мамандығы бойынша техника және технологиялар бакалавры дәрежесін алды.
2007 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қызметте. Еңбек жолын «Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті» ММ жетекші маманы болып бастады. 2008 жылы бас маман болып ауыстырылды, ал 2011 жылы нақты секторды дамыту бөлімінің бастығы болып тағайындалды. 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап «Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ экономика және бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы болды. 2015 жылдың сәуір айынан бастап 2018 жылға дейін жоғарыда аталған басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды. 23.07.2018 бастап Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болды.
Жалпы еңбек өтілі – 14 жылдан астам.
Үйленген, екі ұл тәрбиелеп отыр.