Ақмола облысында бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Жыл сайын жаңа спорт алаңдары, стадиондар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Конституция күні қарсаңында Көкшетауда Қажымұқан атындағы №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің аумағында жаңартылған кешенді спорт алаңы ашылды, деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, күрделі жөндеуден кейін заманауи талаптарға сай келетін спорт нысанында балалар футбол мен баскетбол ойнап, стрит-воркаутпен айналыса алады.
«Жаңа алаң травматикалық қауіпсіз жабынмен жабылған және қоршалған, барлық қажетті спорттық жабдықтармен жабдықталған. Біздің міндетіміз – жас спортшыларға қолайлы жағдай жасау. Алаң жыл бойы сұранысқа ие болады деп үміттенеміз. Балалар мұнда спорттың ойын түрлерін үйреніп, салауатты өмір салтын ұстансын», – деп атап өтті дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Букубаев.
Жаңартылған спорт алаңының ашылуын балалар мен жасөспірімдер мектебінің қызметкерлері қуана қабылдады.
«Мектеп секцияларының тәрбиеленушілері әрдайым осында айналысады. Мектепке жақын шағын ауданның балалары да әр күні осында. Бәрі жақсы жаққа қалай өзгеретінін және спорт инфрақұрылымы жыл сайын жақсарып, жаңарып жатқанын көремін», – деп бөлісті баскетбол жаттықтырушысы Виктория Волкова.
Айта кетейік, бүгінде облыста 2 483 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның 70% ауылда, әр түрлі спорт түрлері бойынша секциялар жұмыс істейді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биылғы жылы Жақсы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Бурабай ауданының Мәдениет ауылында спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, Щучинск қаласында Спорт сарайының құрылысына облыстық бюджеттен қаражат бөлінді, 12 аудан жаңа спорт алаңдарын алады. Шортанды кентіндегі стадионға күрделі жөндеу жүргізіледі.