1-11 ақпан аралығында Қазақстанда коронавирустық инфекциясына қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын 14 мыңнан астам медицина қызметкері алды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚДСҰО санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының сарапшысы Лена Қасабекова осындай мәліметтерді жария етті.
«2021 жылғы 1-11 ақпан аралығында республика бойынша коронавирустық инфекцияға қарсы 14 мыңға жуық адам егілді. КВИ-ға қарсы егілгендер арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Бірақ, күтілетін реакциялар пайда болуы мүмкін – қызару, инъекция орнындағы ауырсыну, температураның жоғарылауы, қан қысымының қысқа мерзімді жоғарылауы және т.б., олар бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылады», – деді Л. Қасабекова.
Спикердің атап өтуінше, әлем бойынша қазіргі кезде алты вакцина қолданылып жатыр. Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқы мемлекеттердің бірі болып коронавирусқа қарсы екпе жасай бастады.