Қыстың қаhарлы да, қытымыр аязы адамдарды жауратып, қатты әбігерге салған күндердің бірінде Көкше елінде жылылық шуағын шашқан бір жағымды жаңалық орын алды. Осы өңірде ширек ғасырдан бері имамдық қызмет етіп келе жатқан Нұрлан Әбенұлының отбасына ойламаған жерден қаланың қақ төріндегі осы заманғы сәулетпен салынған көп қабатты үйден пәтер сыйға тартылды.
Осы пәтер беру шарасына жиналған адамдар имамның қуанышына ортақтасты. Тіпті, бұл кездейсоқ сыйлықтың табыс етілерін Нұрлан Әбенұлының отбасы да білген жоқ еді.
Шараны ашқан Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбит бұл қоныс «Ел үлесі — пәтерге!» жобасы аясында беріліп отырған он бесінші пәтер екенін атап көрсетті. Ұзақ жылдар табан аудармай Көкшетау қаласындағы мешіттерде имамдық қызмет атқарып келе жатқан Нұрлан имамның атына да жақсы лебіздер білдірді.
Бүгінде республикалық жобаға айналған бұл бастаманың алғаш Көкшетауда басталғанын, осыған Қуаныш қажы Сәбиттің мұрындық болғанын айтқан «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл ізгі тілегін жолдады.
Ал, жаңа пәтерді сатып алып, имамға сыйлаған меценат Ерсайын Ғабдуллинге де ерекше ризашылық білдіреміз. Ұдайы қайырымдылық жасауға жақын тұратын бұл азамат осы жолы 26 миллион теңге қаражатын жұмсады.
Өздерінің тілектерін білдірген азаматтар да асыл дініміздегі бауырмалдықтың тағылымын тілге тиек етіп жатты. Ең бастысы, көп балалы дін қызметкеріне жасалған қамқорлық дініміздің алтын арқау тағылым етер жолы іспеттес.
Салтанатты пәтер сыйлау рәсімінен кейін жиналған қауым Нұрлан Әбенұлының жаңа қонысында жайылған дастарханнан дәм татты.