Тәртіп сақшылары ізін суытпастан қымбат тұраты итті жымқырып кеткен екі жігітті ұстады. Олар итті сатып жібермек болған, деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Қосшы ауылында орын алған. 31 қаңтар күні Қосшы ауылы полиция бөліміне 49 жастағы жергілікті тұрғын шағымданыпты. Оның айтуынша 30 қаңтар күні сағат он бірлер шамасында үйдің ауласынан 2 жастағы «Орта азиялық овчарка» тұқымды «Мамай» атты иттерін ұрлап кеткен. Шығын сомасын иесі 450 мың теңгеге бағалаған. Оның айтуынша ол итін күшік кезінде сатып алған. Ал көрген адамдар оны үлкен сомаға тіпті бөліп төлеу арқылы сатып алғысы келген. Бірақ иесі өзінің итінен айырылғысы келмепті,.
«Арыз түскеннен кейін дереу іске кіріскен тәртіп сақшылары қылмыстық кодекстің 188 «ұрлық» бабы 2 тармағымен қылмыстық іс қозғады. Полицейлер көршілерінен сұрастырып, бейнебақылау камераларын қараған. Жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде айналасы бір сағатта бейнебақылау камерасына 21-22 жастағы екі жас жігіттердің түсіп қалғаны анықталды», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Жас жігіттер өзінің айыптарын бірден мойындаған. Олар итті көптен бері көздеп жүрген болып шықты. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.