Бүгін Біржан сал ауданы Степняк қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені есігін айқара ашты,-деп хабарлайды,-«Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Нысан құрылысы негізінен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып жоспарланған.
Қазіргі заман талаптары ескерліп салынған спорт кешенінің ашылуына ауданға жұмыс сапарымен барған Ақмола обласының әкімі Ермек Маржықпаев қатысты.
Жалпы көлемі 1,6 гектар аумақты алатын спорт нысанында шынығу залы, волейбол, баскетбол, футбол алаңдары бар.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, нысан спортпен шұғылдануға қажетті барлық құрылғылармен жабдықталған.
Сонымен қатар кешен ішінде еркін күреспен айналысуға арналған зал қарастырылған.
Айта кетерлігі, өткен жылы Аңғал батыр ауылында 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы және су құбыры желісін қайта жаңарту аяқталды. Казгородск орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді және Степняктағы спорт стадионына қайта жөндеу жүргізілді.
Биыл өңірде тағы бір 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек облыстық бюджет есебінен ауданның 9 елді мекені сапалы ауыз сумен жабдықталмақ. Сонымен қатар ұзындығы 8 км аудан орталығының көшелері де жөнделмек. Бұл мақсатқа 1,3 млрд теңге бөлінді.



