Жаңа 2021 жыл жақындап келеді. Мерекені тойлауға байланысты өңір тұрғындарын жаһандық эпидемияны болдырмау үшін бекітілген карантин талаптарындағы өзгерістер қызықтыратындығы сөзсіз. Сол себепті редакция тарапы жаңа жыл қарсаңындағы рұқсат етілген және тиым салынған жағдайларға шолу жасайды,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
⠀
25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін жаңа жылды тойлауға байланысты ведомствоаралық комиссия Қазақстанда карантинді күшейту туралы шешім қабылдағаны белгілі. Алайда, Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов өңірде карантинді күшейтуге байланысты ешқандай өзгеріс болмайтындығын мәлімдеді.
⠀
Оның сөзінше, жаңа қаулы да жоспарланбаған.
⠀
Тиісінше:
⠀
25 желтоқсаннан бастап, санитарлық бекеттер орналастырылмайды. Қосымша 25 желтоқсаннан бастап карантин күшейтілмейді, ондағы ережелер өзгеріссіз қалады.
⠀
Тұрғындардың қалауы бойынша, Аяз ата мен Ақша қарды үйге шақыруға рұқсат етіледі.
Жаңа жыл түні қала ішіндегі қозғалысқа шектеу қойылмайды.
Ақмола өңірінде мерекелік кештерді тойлап жатқандарды әкімшілікке немесе мониторлық топтарға хабарлағаны үшін ақша төленбейді. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланған еді…
COVID-19-ға вакцинациялау ақпан айында басталады.
⠀
Барлық қоғамдық тамақтану орындары нақты шектеулер негізінде жұмыс істейді. Дәмханаларда жаңа жылдық кештер мен ұжымдық, топтық іс-шараларды өткізуге тиым салынады.
⠀
Мереке күндері мониторингтік топтар белсенді жұмыс істейтін болады.
Қоғамдық тамақтандыру орындарынан ереже бұзу жағдайы анықталса, санитарлық қызмет оларды демалыс күндері жабу туралы мәселе көтеретін болады.
⠀
Көкшетау қаласының бас шыршасы 25 желтоқсан күні кешке жағылады.
⠀
Мектептер мен балабақшаларда топ немесе сынып ішінде ата-анасыз, тек балалармен тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлердің қатысуымен балалар іс-шараларын өткізуге тыйым салынбайды. Ата-аналарға мерекеден ZOOM бейнеконференциясын ұйымдастыру ұсынылады, – деп атап өтті Серік Омарханов.