Қазақстанда киберқылмысқа қарсы күрес және азаматтардың дербес деректерін қорғау бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Соңғы үш жылда елдегі интернет-алаяқтық деректері 40 пайызға азайып, мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткіші 29,9 пайызға артқан.
Киберқылмыстың алдын алуда Ұлттық антифрод-орталық маңызды рөл атқарады. 2024 жылғы шілдеден бастап жұмыс істеп келе жатқан орталық банктерді, мемлекеттік және құқық қорғау органдарын, төлем ұйымдары мен байланыс операторларын біріктіреді. Қазіргі уақытта жүйеге 200-ден астам ұйым қатысады. Бұл күдікті қаржылық операцияларды жедел анықтауға, алаяқтық жолмен алынған қаражатты бұғаттауға және қылмыстарды тергеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың сегіз айында Қазақстанда 14 414 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға аз. Осы уақыт аралығында 3 977 қылмыс ашылып, 1 128 адам жауапкершілікке тартылған. Жәбірленушілерге 5,9 млрд теңге өтелген.
Сонымен қатар азаматтардың дербес деректерін қорғауға қойылатын талаптар күшейтілуде. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бақылау шаралары жетілдіріліп, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлеріне киберқауіпсіздік бойынша оқыту жүргізу көзделген.
Азаматтардың өз деректерін қорғауына арналған тегін цифрлық қызметтер де қолжетімді. eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасындағы «Стоп-кредит» сервисі арқылы несие алуға ерікті түрде тыйым салуға болады. Ал NomadGuard платформасы деректердің ықтимал таралуын және фишингтік сілтемелерді анықтауға көмектеседі.
Мамандар азаматтарға SMS арқылы келетін растау кодтарын, құпиясөздерді және банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, әр сервиске жеке күрделі құпиясөз орнатып, екі факторлы аутентификацияны пайдалануға кеңес береді.
Киберқылмыспен тиімді күресу үшін заманауи технологияларды енгізу, заңнамалық талаптарды күшейту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды. Бұл шаралар азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және интернет-алаяқтық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
**Дереккөз:** Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
Ресми сайт: https://primeminister.kz/



