Ақмола облысының Қорғалжын ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза өлке – жарқын болашақ!» жалпыұлттық акциясы ұйымдастырылды. Экологиялық шараға 200-ден астам аудан тұрғыны қатысты.
2 қазан күні Қорғалжын ауылының А. Шабатов атындағы орталық алаңында өткен шараға аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғам өкілдері, жастар, волонтерлер, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты.
Экологиялық акцияның ресми ашылуынан кейін қатысушылар орталық алаң мен оған іргелес аумақтарды тазалауға кірісті. Сенбілік барысында тұрмыстық қалдықтар жиналып, қоғамдық орындар ретке келтірілді. Сондай-ақ елді мекен аумағындағы бірқатар учаскелер абаттандырылды.
Шара барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ерекше мән берілді. Қорғалжын ауылындағы №1 мектеп-гимназиясында «Тазалық – өзіңнен» тақырыбында экологиялық дәріс өтті. Кездесуде қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және әр азаматтың тазалыққа деген жауапкершілігі туралы айтылды.
Оқушылар мен жастар алдында аудан әкімінің орынбасары Ақылбек Хамзеұлы, сондай-ақ білім саласының үздігі, облыстық мәслихат депутаты Тәжин Нұрлан Есіркепұлы сөз сөйледі.
Кездесу барысында табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және қоғамдық жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды.
«Таза өлке – жарқын болашақ!» акциясы аудан тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, туған жердің тазалығы мен көркейуіне үлес қосуға мүмкіндік берді.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай шаралар елді мекендерді абаттандырумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.






