Қазақ халқының тарихи жадында «Құрылтай» ұғымының орны айрықша. Ежелгі дәуірлерден бастау алатын бұл атау ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ортаға салып, ортақ шешімге келуді білдірген. Сондықтан бүгінгі Қазақстандағы Құрылтай институтының қалыптасуын тарихи дәстүрдің жай ғана жаңғыруы деп емес, ұлттық саяси мәдениеттің заманауи талаптарға сай қайта пайымдалуы деп бағалаған жөн.
Құрылтайдың мәні ең алдымен қоғам мен билік арасындағы сындарлы диалогты дамытуымен ерекшеленеді. Мемлекеттің орнықты дамуы тек жоғарыдан қабылданатын шешімдерге емес, азаматтардың ұсынысы мен қоғамдық сұраныстың қаншалықты ескерілетініне де байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай – халықтың пікірін тыңдап қана қоймай, ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік беретін саяси институт.
2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту мәселелері тұрғысынан ерекше маңызға ие болды. Жиында бір палаталы жоғары өкілді органды «Құрылтай» деп атау жөніндегі бастама ұсынылып, оның құрамын 145 депутаттан қалыптастыру, депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделді. Бұл ұсыныстар мемлекеттік басқару жүйесін ықшамдау және заң шығару қызметінің тиімділігін арттыру бағытындағы реформалардың бір бөлігі ретінде қарастырылды.
Меніңше, Құрылтайдың атауында үлкен символдық мән бар. Себебі тарихи Құрылтай ұғымы елдік мүдде, кеңесу, ортақ жауапкершілік және бірлік түсініктерімен сабақтас. Ал қазіргі заманда бұл құндылықтарға кәсібилік, ашықтық, заң үстемдігі және азаматтық белсенділік секілді ұстанымдар қосылуы тиіс. Демек, жаңа Құрылтайдың басты өлшемі оның атауында емес, халықтың сенімін қаншалықты ақтап, қоғамдық мәселелерді сапалы заңнамалық шешімдерге айналдыра алуында болмақ.
Құрылтай институтының алдында тұрған міндеттердің бірі – қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесін ескеру. Қазақстан сияқты көпэтносты әрі әлеуметтік тұрғыдан алуан қоғамда мемлекеттік шешімдердің сапасы түрлі пікірлердің ашық талқылануына тікелей байланысты. Сондықтан депутаттың қоғаммен тұрақты байланыста болуы, өңірлердің нақты мәселелерін білуі және азаматтардың ұсыныстарын заң шығару жұмысына жеткізе алуы аса маңызды.
Бұл ретте Құрылтайды тек заң қабылдайтын орган ретінде қабылдау жеткіліксіз. Оның қоғамдық жауапкершілігі де жоғары болуы керек. Білім мен ғылымның дамуы, ауыл мен өңірлердің әлеуетін арттыру, инфрақұрылым, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлікті қолдау, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту, мәдени мұраны сақтау сияқты мәселелер елдің ұзақ мерзімді дамуына тікелей ықпал етеді. Мемлекеттік саясаттың нәтижесі де осы мәселелердің қаншалықты нақты әрі жүйелі шешілетінімен өлшенеді.
Жаңа Құрылтайдың тағы бір маңызды міндеті – заң мен тәртіп қағидатын нығайту. Заң үстемдігі орнықпайынша, қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықты толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан заң шығару барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру және құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері әрдайым басты назарда болуы қажет.
Сонымен бірге Құрылтайдың тиімділігі оның халықпен кері байланысына байланысты болмақ. Қазіргі қоғам ақпаратқа қолжетімділігі жоғары, өз пікірін ашық білдіретін белсенді азаматтардан тұрады. Сондықтан депутат пен сайлаушы арасындағы байланыс тек сайлау кезеңімен шектелмеуі керек. Халықтың ұсынысын тыңдау, есеп беру, қоғамдық талқылауларға қатысу және қабылданған шешімдердің нәтижесін түсіндіру – өкілді органның саяси мәдениетін көрсететін маңызды өлшемдер.
Құрылтайдың жаңа кезеңдегі тарихи миссиясы да осында деп ойлаймын. Ол дәстүр мен жаңашылдықты, ұлттық құндылық пен заманауи мемлекеттік басқаруды, қоғамдық пікір мен кәсіби заң шығарушылықты тоғыстыра алуы тиіс. Тарихи атаудың жаңғыруы өткенге тағзым етумен ғана шектелмей, болашақ алдындағы жауапкершілікті де күшейтуі қажет.
Бүгінгі Қазақстан үшін ең маңыздысы – саяси институттардың сыртқы атауын өзгерту емес, олардың мазмұнын жетілдіру. Құрылтай халықтың үмітін ақтайтын, елдік мәселелерді байыппен талқылайтын, кәсіби әрі жауапты шешімдер қабылдайтын органға айналған жағдайда ғана оның тарихи атауы нақты мазмұнмен толығады.
Сондықтан Құрылтайды мен елдің саяси жаңғыруының бір көрінісі ғана емес, қоғамдық жауапкершіліктің жаңа мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды институт деп бағалаймын. Оның табысы қабылданған заңдардың санымен емес, сол заңдардың азаматтардың өміріне тигізген нақты әсерімен өлшенуі тиіс.
Құрылтай – ең алдымен елдік мүдденің мінбері. Ал елдік мүдде дегеніміз – мемлекеттің қуаты, қоғамның бірлігі, азаматтың құқығы, ұрпақтың болашағы және ұлттық құндылықтардың сабақтастығы. Осы ұстанымдар берік орныққан жағдайда ғана тарихи атау жаңа мазмұнға ие болып, Құрылтай Қазақстанның саяси жүйесіндегі беделді әрі тиімді институттардың біріне айнала алады.
2026 жылғы 23 тамызға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау белгіленген. Жаңа Құрылтай 145 депутаттан тұрып, олар бес жыл мерзімге сайланады. Бұл – елдің саяси өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіретін маңызды оқиға.
Сейткасымов Аманбай Асылбайұлы
Тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, ректордың кеңесшісі.



