spot_img
Жұма, Маусым 5, 2026
17.9 C
Kokshetau

Эколог күніне орай: журналистерге Красный Яр ауылындағы бірегей қоқыс өңдеу зауытының құрылысы таныстырылды

Сондай-ақ...оқыңыз

Эколог күні қарсаңында журналистер Красный Яр ауылдық округіндегі жаңа қоқыс сұрыптау және қоқыс өңдеу кешенінің құрылыс алаңына барды. Қуаттылығы жылына 70 мың тонна қалдықты құрайтын бұл кәсіпорын өңірдегі басты экологиялық нысандардың біріне айналады және полигондарға жіберілетін қоқыс көлемін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру үшін аумағы 8 гектар болатын жер учаскесі бөлінген. Қазіргі уақытта алаңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр: компост ванналарын орнату жұмыстары аяқталуға жақын, өндірістік және әкімшілік ғимараттарды тұрғызу шаралары жалғасуда.

«Бүгінгі таңда нысанда белсенді құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр: негізгі бетон конструкцияларын орнату аяқталды, өндірістік және әкімшілік нысандардың құрылысы жалғасуда. Жоба екі жылға есептелген, оны іске асыруды 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр», – деп түсіндірді Ақмола облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Батыржан Бауыржанұлы.

Кешен пайдалануға берілгеннен кейін қалдықтармен жұмыс істеудің толық циклін – сұрыптаудан бастап қайта өңдеуге және қайталама шикізат алуға дейінгі процесті қамтамасыз етеді. Мұнда автоматтандырылған сұрыптау желілері енгізіліп, пластик пен ағашты қайта өңдеу, сондай-ақ құрылыс қалдықтарын ұсақтау жұмыстары ұйымдастырылады.

Органикалық қалдықтар бөлігіне ерекше назар аударылады. Олар арнайы климаттық камераларда өңделіп, табиғи биологиялық процестердің нәтижесінде техникалық грунтқа (топыраққа) айналады. Алынған материалды жерді рекультивациялауға (қалпына келтіруге) және құрылыс саласына пайдалану жоспарлануда.

«Біздің стратегиялық міндетіміз – қалдықтарды көму көлемін барынша азайту және оларды қайта өңдеу мен қайта пайдалану үлесін арттыру. Біз әрбір қалдық түрінің екінші өмір алып, практикалық пайда әкеле алатын жүйесін құруға ұмтыламыз», – деп атап өтті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мариям Әбішева.

Жоба Табиғи ресурстар басқармасы мен «Эко-DUMP» ЖШС арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында жүзеге асырылуда. Қызылжардағы кешеннен бөлек, дәл осындай нысандар Бурабай және Зеренді аудандарында да бой көтеруде. Үш кәсіпорынның жалпы қуаттылығы жылына 150 мың тонна қалдықты құрайтын болады.

Кешен құрылысын 2027 жылы толық аяқтау жоспарланған. Оны іске қосу қалдықтарды қайта өңдеу көлемін айтарлықтай арттыруға, полигондарға түсетін салмақты азайтуға, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Эколог күніне орай Ақмола облысында ауқымды экологиялық акциялар өтті

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай Ақмола облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды іс-шаралар...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Banner
Яндекс.Метрика