2025 жылы 1 мамыр күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына «Шәмші» элегиясын ұсынады. Басталуы: 14.00, 19.00.
Елордалық театрдың Көкшетау қаласына гастрольдік сапары әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
«Шәмші» элегиясының авторы – Серік Тұрғынбекұлы. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер Болат Ұзақов. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев. Музыкамен көркемдеген – Олжас Дәлелхан, Айша Сырымбай.
«Вальс королі» атанған ұлы композитор қиялы нені аңсады, жаны неден күйзелді, неге құстай талпынды?! Айтулы ақын Серік Тұрғынбекұлы «Шәмші» атты туындысында текті туған дара дарынның ешкімге ұқсамайтын тылсым табиғатына үңілуге, жан сарайының психологиялық иірімдеріне мән беруге ұмтылған. Шынайы талант иесі қашанда қорғансыз, тіршілікке икемсіз екен. Шәмші деген төгілген ән-әуен ғой. Спектакль сарыны Шәмші әндері арқылы ашылады.
Шәмші рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Муза рөлінде – Маржаннұр Макибаева. Сонымен қатар, сахна төрінде жеке дауыста Шах-Мұрат Ордабаев, Гауһар Жүсіпова, Жасұлан Ерболат, Бибарыс Орман және көпшілік сахнада театр жастары өнер көрсетеді. Қойылым арнайы ансамбльдің сүйемелдеуімен өтеді.
Спектакльде Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлым», «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең…», «Бақыт құшағында», «Сыған серенадасы», «Ана туралы жыр», «Теріскей», «Менің Қазақстаным» (Әнұран) әндері мен Естайдың «Құсни-Қорлан», А.Жұмашевтың «Аққу дастан» әндері орындалады.
Спектакль бірнеше жылдан бері сәтті сахналанып, көрерменнің ықыласына бөленіп келеді.
Өтетін орны: Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры (Көкшетау қаласы, М.Әуезов көшесі, 216).