Автор: қоғам қайраткері, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев.
Қасым-Жомарт Тоқаев : Наурыз – көптеген шығыс халықтарына ортақ мереке болғанымен, елімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар. Бұл мейрамның төл мәдениетіміздегі орны айрықша.
Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Наурызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқасында болашаққа зор сеніммен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз. Жан-жақты реформа жасап, мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып жатырмыз. Ауқымды экономикалық жобаларды қолға алдық. Байсалды сыртқы саясатымыздың арқасында Қазақстан бүкіл әлемге беделді мемлекет ретінде танымал болды.
(Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен
құттықтауынан. 21 наурыз 2025 жыл.)
——————————————————————-
НАУРЫЗНАМАНЫҢ ТӨРТ КҮНІНІҢ ТӨРТ ҒАЖАП ОҚИҒАСЫ
Биылғы Наурыз мейрамы қазақ елі үшін ерекше бір мән-маңызымен есте қалары бар. Наурыз мейрамы және де қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп, ұлттық салт пен дәстүрдің дінімізбен тығыз ұштасып, бірін бірі толықтырып тұрарын айғақтай түсті. Осы Наурызнаманың біздің Ақмола мен Көкшетау өңірлері үшін ерекше бір ғажайып оқиғаларға толы болғандығы бар. Бұл еліміздің өсіп, өркендеп келе жатқанын айғақтаса керек. Наурызнаманың төрт күнінің Ақмола-Көкшетау өңірінде болған төрт ғажап оқиғасы жайлы айтқанды жөн санадық.
* * *
14 НАУРЫЗ – АМАЛ КҮНІ. БУРАБАЙ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙЫ.
——————————————————————
14 наурыз. Бұл күні Бурабайда төртінші Ұлттық Құрылтай өтті. Құрылтайдың отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.
Хан ордасы Бурабайда өткен төртінші Ұлттық Құрылтай тарихи мәні мен маңызы зор оқиғаның бірі.
Ежелден… құрылтай шақырып, халқымыз үшін маңызды мәселелерді Ұлттық Құрылтайда талқыға салу, ой алысып, ой бөлісу дәстүрі қайта жаңғыртылғаны анық.
Ұлытау… Түркістан… Атырау… енді міне, Бурабай құрылтайы!
-Ең алдымен бүгін Амал күні баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – Әз-Наурыздың бастауы,-дей келіп Қасым-Жомарт Тооқаев еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отырғандығын және Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейтіндігін атап көрсетті.
Болашаққа… келер күндерге сеніммен қараудың харекеттері Бурабай Ұлттық құрылтайында жақсы айтылды! Еліміздің қоғамдық-саяси реформаларын талқылаудағы маңызды кезең болды.
Бурабай Ұлттық құрылтайы Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын шешімдер мен ұсыныстардың айтылған маңызды алаңының бірі болды.
Президентіміз Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде «Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады»,-деп атап көрсетті.
Және де «Мен осы аймақтың дамуына айрықша мән беремін. Жалпы, облыстың экономикалық-әлеуметтік жағдайы жақсы. Бұл мәселе бойынша маған әкім Марат Ахметжанов есеп берді»-деп Ақмола өңірінің қазіргі даму барысына өз ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Ақмола облысы бойынша алдағы уақытта жүзеге асырылатын іргелі жобаларға назар аударды.
Сол жобалардың ішінде жастардың заман талабына сай білім алуын қамтамасыз ету үшін Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашылатын болады.
Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарын жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге қаржы бөлінбекші.
«Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек. Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың бетке ұстар орны болуы қажет,- деді Мемлекет басшысы.
Түрлі күрделі жағдайларға қарамастан Қазақ елі өз болашағын кемел етіп, Тәуелсіздікті нығайтудың харекеттерін жасап жатыр.
Мемлекттік қызметке адал да іскер, мемлекетшіл жастар келе бастады… Ұрпақтарымыз «жайлы мектептерде» оқи бастады…кезінде шет ел асып кеткен қаржылардың алды елге қайтарылып, соның есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандар салына да бастады… Мұны да көз көріп отыр.
Наурызнаманың алғашқы күні өткен Бурабай ұлттық құрылтайы қазақ елінің тархына алтын әріптермен жазылары анық!
* * *
20 НАУРЫЗ -ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ. ҚОСШЫДАҒЫ ҒАЖАЙЫП ОРТАЛЫҚ.
——————
Қосшы жас қала. Алайда қала болып ірге көтергелі осы бір қала өзінің қарқынды дамуымен ел назарын аударып отыр.
Қосшының қала есебінде құрылуы мен қалыптасуына және дами түсуіне Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айырықша көңіл бөліп, қамқорлық жасап келеді.
Наурызнаманың ұлттық спорт күні, яғни 20 наурызда Қосшы қаласында халықаралық стандарттарға толық сай келетін ауқымды мәдени-спорттық кешен пайдалануға берілді.
Қосшы қаласына арнайы келген Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты құттықтады.
Бұл Қазақстандағы алғашқы көпфункционалды комьюнити-орталық болып табылады. Осы кешеннің ашылуына қатысып, сүйсінгеніміз соншалықты «ҒАЖАП» деген бір ауыз сөзбен баға бергендей болдық.
«Болат Өтемұратов қорының» есебінен салынған кешеннің жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метрді құрайды. Ол бір уақытта 1000 адамды қабылдай алады. Құны 20 миллион доллар болатын жоба қала иелігіне тегін берілді.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өз сөзінде «Қала мәртебесі берілгеніне небәрі төрт жыл өтсе де, Қосшыда әлеуметтік нысандарды салу мен жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. Бүгін біз елімізде алғаш рет халықаралық стандарттарға сай көпфункционалды кешеннің ашылуына куә болдық. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Мұнда балалар мен ересектер үшін барлық заманауи жағдай жасалған», – деді.
Ғажайып осы кешен орталық спорттық, білім беру және мәдени-демалыс аймақтарын біріктіреді. Атап айтар болсақ, 233 орындық кинотеатр, 300 адамға арналған лекция , көрме және конференция залдары, студиялар, коворкинг пен оқу залы бар кітапхана бар.
Ғажайып осы кешеннің аумағында спорт алаңдары, воркаут аймақтары мен серуенге арналған аллея бар және де балалар үшін робототехника, шахмат, хореография және қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен бірге, ересек адамдарға арналған ыңғайлы жұмыс, демалыс және қарым-қатынас кеңістігі бар.
Қосшы қаласында пайдалануға берілген осы орталық әлемдік негіздегі озық үлгі бойынша салынғандығын айтсақ, мұндай кешен Қазақстанда әзірге бірегей!
Қазір Қосшыда демеушілердің қаражаттары есебінен заманауи көпсалалы аурухана салынып жатыр.
* * *
21 НАУРЫЗ -ЫНТЫМАҚ КҮНІ. ҚОРҒАЛЖЫНДАҒЫ НАУРЫЗ ЖӘНЕ ЖҮЗ ЖАСТАҒЫ КЕЙУАНА БАТАСЫ.
—————————————————————————————————-
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 21 наурыз, ынтымақ күнін Қорғалжын ауданының халқымен бірге атап өтуді мақсат етіп, осы бір тарихи өлкеге арнайы ат басын бұрған-ды.
Қорғалжынның бас алаңы Наурыз мейрамының күйімен шалқып тұрды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтай отырысында Ақмола облысының дамуына ерекше көңіл бөлінетіні айтылды. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Астананы Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен байланыстыратын автожолдың құрылысы басталады. Бұл күре жол Жантеке мен Сабынды ауылдарының үстімен өтеді. Бұл өз кезегінде өңірдің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Ауданда маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деп атап өтті Марат Ахметжанов жергілікті тұрғындарға арнаған құттықтау сөзінде.
Қорғалжындықтар Наурыз мейрамы жаңару, бірлік пен берекенің мейрамы екендігін ұлттық дәстүрлерді ұлықтау арқылы айқын танытты. Және де осы күндері 100 жасқа толып отырған Мәкен Баспаеваға да зор құрмет көрсетіліп, кейуана жұртшылықтың ортасында болды.
Ғасыр жасап отырған кейуананы Марат Ахметжанов құттықтады. Анаға деген өз ілтипатын білдірді.Әлі де тың, сөзі ширақ Мәкен әже алғысын айтып, батасын беріп, балаларының аман-сау жүрулерін тіледі.
Наурызнаманың ынтымақ күнінің мерекесінде облыс әкімі Марат Ахметжанов Қорғалжын ауданының дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға Алғыс хат тапсырып, ел азаматтарының мерейлерін өсіріп тастады.Және де аудандық мәдениет бөліміне жаңа автокөлік сыйлады. Бұл да Қорғалжын еліне деген облыс басшысының құрметі еді.
Қазіргі уақытта Қорғалжында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Марат Ахметжанов осы нысандағы құрылыс жұмыстарының барысымен де танысып, кешеннің сапалы болуына және тез арада аяқталуына қатты көңіл бөлді.
Қорғалжындағы мерекелік шара қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін ұлықтаудың тамаша бір көрінісіне айналып еді.
* * *
22 НАУРЫЗ-ЖЫЛ БАСЫ. КӨКШЕТАУДАҒЫ «КИМЕШЕК ШЕРУІ»
————————————————————————– Көкшетау қаласының бас алаңы- Абылай хан алаңында жыл басы- Наурыз мейрамы жылдағыдан ерекше бір сән-салтанат жағдайында өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс жұртшылығын Жыл басымен құттықтады.
-Наурыз – жаңару, ізгілік пен бірліктің мерекесі. Ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың жаңаруының, молшылық пен берекенің символы ретінде атап өтіп отырған. Заманауи Қазақстанды құру кезеңінде бұл мейрам бұрынғыдан да терең мағынаға ие болып, баршамызды достық, ынтымақ пен еңбек секілді ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіреді», – деді Марат Мұратұлы өз құттықтауында.
Көкшетауда талай бір мерекелер өтіп жатқаны анық қой. Алайда осы жолы, жыл басында Көкшетау қаласының алаңын кимешек киген аналарымыз бен қыз-келіншектеріміз жүріп өткенде, алып бір ақ кеме теңіз үстінде қалықтап кетіп бара жатқандай әсерде болдық.
Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Кимешек шеруі» үлкен әсерге бөледі. Екі мыңға жуық қыз-келіншектер қатысқан бұл шара Қазақстан рекордтар кітабына енгізілді. Әбден орынды еді!
-«Кимешек шеруі» – жай ғана іс-шара емес, бұл – ұлттық дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқандығының айқын дәлелі. Бүгінгі күн Көкшетау тарихындағы жарқын сәттердің бірі ретінде есте қалады», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өз құттықтауында.
Өзінің бар салтанатты шеруімен жалғасқан Көкшетаудағы наурыз мейрамында ұлттық нақышта безендірілген басты киіз үйге қойылған қырық метрлік «LED-экраны» бар интерактивті мұражай зор қызығушылық тудырды.
Наурыздың тарихын кеңінен бейнелейтін видеоматериалдар Көкшетауда тұңғыш ұйымдастырылып, сол арқылы ата-бабаларымыздың дәстүрлері туралы тың мәліметтер берілді.
«Сән-салтанатты әз-Наурыз!» музыкалық-хореографиялық қойылым көкшетаулықтардың көңілдерінен шықты.
* * *
ЖЫЛ ЖАҢАРДЫ. ЖАҢА КҮН ТУДЫ. ҚАЗАҚ ЕЛІ БҰЛ ЖЫЛДА ДА ЖАҢА ТАБЫСТАРҒА ЖЕТЕ БЕРГЕЙ. ЕЛІМІЗДІҢ БЕРЕКЕ-БІРЛІГІ МЕН ЫНТЫМАҒЫ НЫҒАЯ БЕРСІН!