Орталық инвесторларға жоба идеясынан бастап, оның іске асырылуына дейін қолдау көрсетеді. Бүгінгі таңда пилоттық режимде Орталық алаңында 23 кездесу өткізіліп, оның 13-іне шетелдік инвесторлар қатысқан.
Орталықтың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева, «Kazakh Invest» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев, «KAZENERGY» бас директоры Әлібек Қуантыров, ҚР-дағы Мажарстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона, сондай-ақ Мажарстан мен Қытайдан келген компаниялардың өкілдері қатысты.
–«Aqmola INVEST» орталығын құру өңірдің экономикалық әлеуетін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Инвесторлармен өзара іс-қимыл және Мемлекеттік қызметтерді алу «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Бұл өңірдің қолайлы инвестициялық имиджін одан әрі қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ, бүгін Орталық алаңында ынтымақтастық және жалпы сомасы 76 миллиард теңгеге инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. Осылайша, венгриялық globalia LTD компаниясы Аршалы ауданында көміртекті егіншілік негізінде ауыл шаруашылығы технологиялық паркін құруға ниет білдіріп отыр. Ақмола облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауыттарының құрылысына қытайлық «Beijing Ruiheyuan Construction Engineering Co.Ltd.» компаниясы инвестиция бағыттамақшы.
Осы инвестициялық жобаларды іске асыру қосымша жұмыс орындарын ашуға және облыс бюджетін айтарлықтай толықтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Аршалы ауданында республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы құрылды, ол озық өндірістік алаңға айналады. ZhasTol-Stroy кәсіпорны автоклавты газдалған бетон шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы Ақмола облысының әкімдігімен орнықты даму саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.