spot_img
Жұма, Қараша 22, 2024
-7.4 C
Kokshetau

Елдіктің ерен үлгісі

Сондай-ақ...оқыңыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Ақордада көктемгі су тасқынымен күресуге белсене ат салысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттап, алғысын білдірді.  Олардың ішінде ақмолалық Анаргүл Мушканова да бар. Ол тағдырдың тәлкегімен алысып келе жатса да, осындай қиын сәтте жан жылуымен өзгені жылытты, көмегін аямады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Онда «Бұл – құтқарушылар мен ұшқыштардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әбіш Кекілбаев «Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу» деп айтқан. Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуге атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы ортақ іске мол септігін тигізді» деді Президент.

Көкшетаулық Анаргүл Мушканова «Lider.kz» мейірімді жүрек» еріктілер ұйымының мүшесі. Салтанатты жиынға қадам басқанда бұрын-соңды мұндай мәртебелі кездесуге қатысып көрмегендіктен бе екен, құтты өң мен түстің арасында жүргендей сезініпті өзін. Көз алдынан өткен өмір соқпағы, қызылды-жасылды дүниедегі қуанышы мен қиындығы, мұқтаж жандарға қол ұшын созған сәттері өте бастаған.

Анаргүлдің туып өскен жері Омбы. Бала кезінен әкесі қазақ даласы, жанынан арын биік қойған Алаш баласы туралы көп-көп әңгіме айтып, қызының құлағына құя беріпті. Қазақтың даласы қандай кең болса, пейілі де соншалықты деген қайран әкесі. Сол айтқандары аманат іспетті қызының санасында сақталып қалған.  Омбы аграрлық  университетінде оқып жүргенде кешкілік жұмыс істеп, тапқан азын-аулақ ақшасын жұмсап, қаражаттан қысылған студенттерге көмектесіп тұрыпты. Сол кездегі құрбыларының мәз-мейрам болып қуанғанын көрудің өзі ол үшін бір мерей болған.

Спортпен үзбей, шындап айналысқан. Армреслингтен Омбы қаласында өткен жарыста бірінші орынға да ие болды. Құрбыларына тіршілікте темірдей төзімді болуы үшін салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысу керектігін жиі айтатын. Аграрлық университеттен кейін Омбының іргесіндегі «Степной» кеңшарына зоотехник болып орналасты, ғылыми жұмыспен айналысты. Әріптестерімен бірге ірі қара малды будандастыру арқылы өнімділігі жоғары етті тұқым шығарды. Арада жылдар өткен соң Раздольное селосында клуб меңгерушісі болып жұмыс істеді. Жас балаларды спортқа тәрбиеледі.

2006 жылы Көкшеге қоныс аударған. Ата-бабасының топырағына келгеніне қуанышы қойнына сыймаған. Содан облыс орталығындағы Абай Мырзахметов атындағы университеттің заң факультетін тәмамдайды. Көкшетаулық кәсіпкер Асқар Хасеновтың шаруашылығында екі жыл мал дәрігері болып жұмыс істейді. Кейін сайрап жатқан тағдыры жолында кесе-көлденең түскен қиындық бас көтертпеген. Бәріне шыдап баққан. Тумысынан төзімді, қиындыққа мойымайтын. Ұлағаты мол ұшқан ұяның тәлімі осы еді. 2008 жылы уақытша болса да паналайтын баспана таба алмады, оның үстіне жарық дүниеге кішкентай қызы келген. Қос дипломы болса да, тұрақты, жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған. Тұратын жері болмай бейімдеу орталығында үш күн қонып шығыпты. Осы жерде тағдырдың тәлкегіне түскен қаншама адаммен танысты. Тіршіліктің қара дауылы ұйтқи соғып, өзін де бір қиырға шығарып тастаса да, үнемі өзгеге қамқор болып жүретін әдемі әдетінен жаңылған жоқ. Жеті кезбенің ет жақын туыстарын тауып, тілдесіп, ағайынға қамқорлық жасау адамгершілік екендігін жетелеріне жеткізе айтып, табыстырған. Жетеуі де ағайынның алқауымен ел қатарына қосылып кетіпті. Бір кезде жаза басқан жалғыз қадамның кесірінен бас көтертпес бұралаң жолға түскен әлгі жетеудің иіндері бүтінделіп, қарындары тойып, қуанғандарын көргенде көңілі бүрлеген. Осы жерде Ғазез ақсақалмен де танысты. Жетпісті алқымдап қалған адам екен. Әуелі орталықта жатқанына қарағанда, жанашыры жоқ шығар деп ойлаған. Сөйтсе, бар екен. Іле телефондарын тауып, хабарласқан. Немере інісі келіп ақсақалды алып кетіпті. Оған шейін Анаргүл ақсақалды мұнтаздай етіп киіндіріп, жуындырып, сақал-мұртын бастырып, дайындап қойған. Тағдырдың адамды аяуды білмес таяғы арқасына батқан ақсақал осы бір сәтте көңілі босап, кемсеңдеп сөйлей де алмай қалды. Толықси толғанып отырып, ақкөңіл Анаргүлге ақ батасын берген.

Төрткүл дүниені тұмшалап, қаһарын шаша келген жаман тұмаудың жайылған кезінде алты бекеттің арасында жүгіріп, кезекшілік атқарыпты. Ымырт үйірілгеннен бастап, бозарып таң атқанша көз ілмейтін. Ешкім қолынан жетектеп әкеліп, міндеттеген емес, өз еркімен. Халқына септігім тисін деген перзенттік пейіл. Таңертең бекеттегі кезекшілігі біткен соң жұмысына жүгіретін. Әріптестері қажымайтын қайратына таң қалушы еді.

Биылғы көктем жалпақ жұртқа сынақ болды. Облыс орталығын  қақ жарып өтетін қылдай Қылшақты өзені жағалауды бұзып, тұрғын үйлерді су басып қалды. Қаумалаған қара өртке қанатымен су шашатын қарлығаш іспетті Анаргүл Ержанқызы тәулік бойы тыным таппай, қарғын сумен алысқан азаматтарға дәм дайындады. Міне, осы кезде ел бірлігі, жалпақ жұрттың тұтастығын өз көзімен көрген. Қандай абзал азаматтар десеңізші. Көктемнің қара суығында белуардан су кешіп жүрсе де мойымаған, табиғаттың тосын мінезіне төтеп берген халқының махаббатына тәнті болған. Былайғы жұртқа да дән разы. Қазан-ошақтың басында жүргенде қала халқы дүмеп келді дейсіз. Топан суды тоқыратуға талпынып жатқан құтқарушыларға қуат болсын деп дәм-тұзын әкеліп жатыр. Кәсіпкерлер ғана емес, жай адамдар да. Міне, сол кезде бірлігі бар елдің тірлігі тәуір болатынын ұққан.

–Елдің осы бір ыстық ықыласы, кең пейілі менің жанымды жадыратып жіберді, – дейді Анаргүл Мушканова, – Жамбылдан елу шақты құтқарушы келген. Біздің ақ дастарханымыздан дәм татқан сол азаматтар әлі күнге дейін хабарласып, алғысын айтып жатады. Біз де қиын уақытта қол ұшын берген аптал азаматтардың ерлікке бергісіз еңбегін ұмыта алмаймыз. Шын ерліктің, шынайы елдіктің белгісі осы емес пе?!

Өзгеге жан шуағын төккісі келіп тұратын  Анаргүлдің өз басында да шуақты күндер туа бастады. Марат есімді азаматпен танысқан. Автобус жүргізушісі екен. Алғашқы жары өмірден озыпты. Мүмкіндігі шектеулі бір қызы бар. Әуелі қызын бауырына басқан. Жап-жас баланың болмысын көріп, бауыры езілгендей. Кейін шаңырақ көтеріп, бар тұрмысын заңдастырып, түтін түтетіп отыр. Қазір облыс орталығындағы қан орталығында еден жуушы болып еңбек етеді. Несі бар, адал кәсіп.

Тілдесе отырып байқағаным, кейіпкерімнің жанарынан шуақ төгіліп тұрады екен. Қоғамды ізгілендіретін де осындай кеңпейіл, елжанды адамдардың жүрегінің жылуы мен жанарының жарқын сәулесі ғой. Оны Анаргүлден молынан ұққандаймыз.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img