spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Мобильді аударымдары 255 мың теңгеден асқандар тексеріледі

Сондай-ақ...оқыңыз

Егер жеке тұлғаның есепшотына түсетін мобильді аударымдар көлемі 255 мың теңгеден асса, тексеріс жүргізіледі  деген жаңалық әлі де қызу талқылануда. Осы мәселе төңірегінде және облыстың мемлекеттік кірістер департаментінің 2023 жылғы жұмыс қорытындысы туралы мекеменің басқарма басшысы Шынар Мусина БАҚ өкілдеріне кеңінен баяндап берді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Шынар Мұсылманбекқызы өткен жылдың қорытындысына кеңінен тоқталды. Мәселен, былтыр облыс бюджетіне 605,8 миллиард теңгеден астам кіріс кірген. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 276 миллиард теңгеге артық. Өткен жылы 709 419 мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, оның 99 пайызы электронды түрде атқарылған. Бүгінде қай салада болмасын, қызмет түрін электронды түрде үйінде немесе өзіне ыңғайлы жерде ала алатын деңгейдеміз. Бұл электронды қызметтерді тұрғындар Мемлекеттік кірістер департаментінің веб-порталынан, электрондық үкіметтің порталынан ала береді, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да алуға болады.

Баяндамашы жеке кәсіпкерлік нысанда қызмет көрсететін қызметтің 33 түрінің бірімен айналысатын жеке тұлғаларға салықты «E-Salyq Business» арнаулы мобильді қосымша арқылы төлей беруге болатынын айтты. Онда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден бастап, кассалық-бақылау машинасының чегіне сәйкес келетін чектерді беруге, салық және әлеуметтік төлемдерді төлеуге болатынын және ол қосымша болса, жеке кәсіпкерге декларация тапсырудың қажеті жоқтығын мәлімдеді. Сонымен бірге, басқарма басшысы заңсыз акцизделген өнімдерді анықтау жағдайына тоқталып, былтыр заңсыз айналыммен айналысқан құқық бұзушыларға қатысты 6,6 миллион теңгеге 44 әкімшілік айыппұл салынып, бюджетке толығымен өндірілгенін баяндады.

2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3 кезеңі басталғаны белгілі. Осы кезең шеңберінде 250 нысанындағы декларацияны 80 мың азамат тапсыруы тиіс. Былтыр жыл қорытындысы бойынша облыстың 238 азаматы банкрот деп танылып, олардың 343,8 миллион теңгеден астам несие берешегі жойылыпты.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері қазіргі қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіліп жатқанын ескере отырып, блогерлер мен жергілікті пабликтердің өкілдері, әлеуметтік желілерде көтерме саудамен айналысатын азаматтардың салық төлеуі және олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе не болатыны туралы сауал қойды.

–Егер блогерлер өз парақшаларында жарнамалық қызметпен айналысатын болса, онда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тапқан табысының 10 пайызын табыс салығы ретінде төлеуі тиіс. Бұл орайда, республикалық деңгейде мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан мониторингтер жүргізілетін болады. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жылдық табысы 3 миллион теңгеден асып кетсе, онда олар да жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Осы жерде ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем жүргізу тоқтатылғанын еске саламын. Сондықтан, бұрын осы төлемді төлеп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар болса, енді жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, айлық табысының 1 пайызын табыс салығына аударып отыруы тиіс. Енді қызмет көрсету түріндегі табыс табу түрімен айналысатындар, мысалы таксистер, курьерлер, шаштараздар, пәтерін жалға берушілер «E-Salyq Business» арнаулы мобильді қосымшасына тіркеліп, сонда табысының 1 пайызын салыққа төлеп отыруларына болады,  –деп түсінік берді.

Енді мобильді аударымдарға қарай ойыссақ, егер бір азаматтың шотына айына 100-ден астам әртүрлі адамнан ақша аударылса және ол 3 ай қатарынан қайталанса, әрі ай сайынғы сома 255 мың теңгеден асып отырса, оны мемлекеттік кірістер органдары тексереді. Сондықтан, ондай жағдайда заңды түрде тіркеліп, салық төлеген дұрыс. Ал, әлеуметтік желілер арқылы көтерме саудамен айналысатындардың ай сайынғы табысы ең төменгі айлық табыстан асып кетсе ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелулері тиіс.

Егер біз ешқандай бизнеспен, қызмет көрсету түрімен айналыспай, туған-туысқандарымыз белгілі бір себептермен ақша аударған болса, ақша аударушылар саны 100 адамнан асып кетсе, әрі ол сома жоғарыда айтқанымыздай 255 мың теңгеден асса, уайымдаудың қажеті жоқ. Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарына жағдайдың анық-қанығын түсіндіруге болады.

 

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img