spot_img
Сәрсенбі, Желтоқсан 11, 2024
-8.7 C
Kokshetau

Жан жылулары бәрімізге тең бөлінді

Сондай-ақ...оқыңыз

Кәріс этномәдени бірлестігінің мүшесі Валентина Яковлевна Руднева-Цхай осылай дейді.

–Менің отбасым – ата-анам, ағам және әжем Ресейдің Шығыс Қиырынан – Приморье өлкесінен 1937 жылы күштеп көшірілген. Атамыз Приморье аймағында кезінде офицер болыпты, жасы үлкен болған соң, әрі сол кездегі құйтырқы саясаттың салдарынан оған «халық жауы» деп жала жауып, әскерге алмай, сонда еңбек армиясында алып қалыпты. Қақаған қыстың қатты аязында мұздаған суық вагондарда мал тасығандай жағдайда әкелген екен. Сол «товарняк» деп аталатын вагондарда суықтан тоңып, ауырып қалғандарға ешқандай көмек көрсетпей, қайтыс болғандарын жол-жөнекей лақтырып кетіп отырыпты. Келе жатқанда вагон-вагон адамдарды ешқандай тіршілігі жоқ, әрі кетсе екі-үш түтіні бар стансаларда, кейбірін айдалада тастап кеткен. Мұның барлығын көрген анам сол кезде менің әпкем Раяға екіқабат екен. Бұл қиындықтардан қалай аман қалғанына таң қаламын. Сөйтіп, менің ата-бабамды Тайынша стансасында түсіре салып, пойыз өз жөнімен кете берген. Анам «біздер сол кезде не істерімізді білмей, қолымызға іліктіріп алып шыққан бір сөмкемен амалсыздан қала бердік. Сол маңдағы кішігірім жер үйлердің мұржасынан түтін шығып жатқанын көргенде, ойымызда бір үміт оты жылт етті. Бұл жер 2-3 отбасы түтін түтетіп отырған кіші-гірім ауыл екен. Сол ауылда қазақтар тұрды. Өздері қиын кезеңді бастарынан өткеріп отырса да, тойып жейтін ас ауқаты болмаса да, суықта біздерге қорған болып, сол кішкентай ұядай үйлеріне кіргізіп, паналатты, ыстық су мен әрең тауып жеп отырған нанымен бөлісті» деп анам жиі айтып отыратын.

Анам бар ғұмырын Тайынша ауданында өткізді. Сонда ағам суық тиіп, оның үстіне дұрыс тамақ та жоқ, қатты ауырып қалыпты. Бір кезде ағам тіл қатып: «нан мен май жегім келіп тұр, үстіне қант сеуіп әкеліп берші» деп анасына қарапты. Әжем оның өмірден өтейін деп тұрғанын байқап, анама «барып көршілерден сұрап келші» деп жұмсап жібереді. Анам зыр жүгіріп, өздері аққа жарымай отырған көршілеріміз – қазақтардан барып сұрайды. Сол кезде бір әйел өзінің 4-5 баласы болса да, талғажау етіп отырған нанынан бір үзім кесіп, қалған айраннан үстіне жағып беріпті. Соны жүгіріп әкелгенше, ағам о дүниеге аттанып кетіпті. Мен 1943 жылы осы Қазақстанда дүниеге келдім. Әпкем Рая құрылыс институтын, мен педагогикалық институтты бітірдім. Тайыншада салынған бірқатар үйлерге менің анамның тері төгілген. Ал, әкем мұғалім болыпты. 1943 жылы сібір жарасын жұқтырып, қайтыс болды. Анам қазақ халқының мейірімі мен шапағатына, жомарттығы мен жанашырлығына өмір бойы риза болып өтті. Мен де сол бір зұлмат жылдары менің туғандарымды далада қалдырмай, шаңырағына кіргізіп, жылытқан, ас-суымен де, жан жылуымен де бөліскен қазақ халқына бас иіп алғыс айтамын, –дейді Валентина Цхай.

Қазақ халқына деген ризашылығы мен алғысы соншалық, бұл кейіпкеріміз оқуға түсіп, баспана жағынан қиындыққа тап болған қазақ балаларын қолдап, өз пәтерінде тұрғызып жүреді екен.

Жалпы, тарихқа көз салсақ, 1926 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 42 ғана кәріс ұлты тұрса, 1989 жылғы санақта 103 мыңнан астам кәріске жетіпті. Қазақстанда кәрістердің бұлай күрт өсуі 1937 жылғы Ресейдің Қиыр Шығысынан жаппай жер аударуына байланысты. Сол жылдары Кеңес Одағында 182 мыңнан аса кәріс болса, солардың 96,5 мыңдайы Қазақстанға жер аударылыпты.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасы аясында қорытынды кездесу өтті

​Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен әскери қызмет өткерген жастар мен әскери міндеттілерді жұмысқа орналастыруға бағытталған...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img