2022 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Адай жылқыларын ғылыми тұрғыда дербес тұқым ретінде тану жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Ауыл шаруашылығы министрлігі тапсырманы орындау мақсатында Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен 3 мініс жылқы желісін шығару жұмыстарын жүргізді («Қазақ жылқы тұқымының адай типіндегі Раттора-60 зауыт желісі», «Қазақ жылқыларының адай тұқымының Бұғабай киік қоныр-98 зауыт желісі» және «Қазақ жылқыларының адай тұқымының Манап сұр-93» зауыт желісі) мен тұқым ішінен 2 типті («Қазақ жылқысының адай тұқымының Маңғыстау тұқымішілік өнімді түрі» және «Қазақ жылқысының Адай тұқымішілік түрі»).
Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылғы 29 желтоқсанда ҚР Әділет министрлігі жанындағы Ұлттық зияткерлік меншік институты селекциялық жетістіктерге 6 патент берді. Атап айтқанда, мініс жылқы желілеріне 3 патент, тұқым ішіндегі типтерге 2 патент және «Адай» жылқы тұқымына 1 патент берілді.
Адай жылқысы Арал-Каспий ойпаты аумағында жылқылардың жергілікті жердегі көпжылдық халық селекциясы негізінде өсірілгенін атап өту қажет. Бұл атау «Адай» руының атауымен байланысты.
Адай жылқысы жергілікті жердің қатал климатына өте жақсы бейімделген. Сондай-ақ сыртқы бітімінің бөлектігімен, шымыр әрі ширақтығымен, төзімділігімен және тез бейімделгіштігімен ерекшеленеді.