spot_img
Жұма, Қараша 22, 2024
-7.4 C
Kokshetau

Көкшетауда заманауи құс фабрикасы салынады

Сондай-ақ...оқыңыз

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласында құс өсірумен айналысу кеңінен тарап келеді. Өйткені құс етінің өнімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан кәсіп иелері де түрлі заманауи технологиялар мен әдістерді қолданады. Өйткені жаңа  тәсілдерді меңгеру арқылы өндіріс жұмысын оңтайландырып, тиімділігін арттыруға болады, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Мәселен, Көкшетауда дәл осындай инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жем зауыты бар құс фабрикасының құрылысы қолға алынды. Енді Ақмола облысының орталығында жаңа құс өсіру кешені пайда болмақ. Ерекшелігі сол – мұнда әрі жем өндіріледі, әрі құс өсіріледі. Жаңа кешенді салуға еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік топтардың бірі саналатын және жылына 160 миллион доллардың өнімін өткізетін  шет елдік инвестор тартылған. Осы мақсатта Грузиялық «Georgian Industrial Group» жауапкершілігі шектеулі қоғамдастығы мен  елордалық «Canadian Chicken ltd» жеке компаниясы арасында 19 млрд. теңгеге құс өсіру кешенін салуға келісімшарт жасалды.

Жем зауытына шет елдік инвестор 4,7 млрд. теңге қаржы бөледі. Зауыт Көкшетау қаласының аумағында салынады. Мұнда жылына 120 мың тоннаға дейін жем өндірілетін болады.

Ал құс фабрикасының құрылысына 14,3 млрд. теңге жұмсау көзделіп отыр. Оның 6,3 млрд. теңгесін грузиялық қоғамдастық бөледі. Фабрикада жылына 50 мың тонна құс еті өндірілмек. Кәсіпорын басшылығының айтуынша құрылыс барысында ветеринарлық-санитарлық нормалар қатаң сақталады.
Құстар мен жануарларға, сондай-ақ балықтарға арнап құрама жем өндіретін зауыт пен  құс фабрикасы толығымен автоматтандырылады.

Яғни бір ғана оператор арқылы  барлық жұмыс компьютер арқылы басқарылады. Зауытта қажет болған жағдайда жем-шөптің  құрамын  құстардың физиологиясына байланысты жедел түрде өзгертуге мүмкіндік болады. Жемнің құрамында бидай, жүгері, соя және күнбағыс ұны, минералды және премикс қоспалары болады. Микробиологиялық және химиялық синтез нәтижесінде алынған мұндай биологиялық белсенді заттардың жұғымды қоспасы күрделі азықтың қоректік сапасын жақсартады, мал организміне азықтың сіңімділігін арттырады.

Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының айтуларынша, құс фабрикасы мен жем зауытының бір толық кешен ретінде салынуы өте ұтымды инновациялық шешім. Өйткені қос қызметті біріктіру арқылы құстарға беретін жем құрамының сапасын бақылап отыруға, қаржыны үнемдеуге, кәсіпорынның экологиялық тұрақтылығын сақтауға, нарық сұранысын орындауға және кірісті ұлғайтуға болады.

Соңғы жылдары Ақмола облысында экономиканың шикізаттық емес секторлары белсенді дамып келеді. Көрсеткіштің өсуіне инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ықпал етуде. Кең ауқымды мақсатқа қол жеткізу бойынша жұмыс жалғасуда дейді Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшылығы. Өйткені негізгі мақсат – тек облысты ғана емес, сонымен қатар елімізді өз өндірісімізден шыққан азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету.

Айта кетейік, Ақмола облысында тек Қазақстан бойынша ғана емес, сондай-ақ Орта Азиядағы ең ірі құс фабрикалары жұмыс істейді. Мәселен бүгінде жылына 90 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасының ісі алға басып келеді. Бұдан бөлек Астрахан, Аршалы аудандарындағы дәл осындай кәсіпорындар да өнім өндіру көлемін өткен жылмен салыстырғанда арттырған.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img