Акция құқықтық сауаттылықты арттыруға және азаматтарға, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.
Облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Арман Рахимов жоба аясындағы ынтымақтастық үшін заң қоғамы мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдеріне алғыс білдіріп, қоғаммен сындарлы диалог құрудың және азаматтардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюдың маңыздылығын атап өтті.
«Заңды сақтау, адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу – бұл құқықтық демократиялық мемлекетте сөзсіз басымдыққа болуы тиіс. «Халық заңгері» акциясы дәл осындай мемлекеттің дамуына жәрдемдесуге арналған. Сондықтан, біздің сарапшыларымызды азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және өңірдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету шеңберінде бірлескен тығыз өзара іс – қимылды жалғастыруға шақырамын», – деді Арман Рахимов.
Акция барысында Көкшетау тұрғындары мен қонақтары 17 білікті адвокаттан, заң кеңесшісінен, нотариустан, сот орындаушысынан және облыстың 24 мемлекеттік орган басшыларынан тегін құқықтық көмек пен кеңес алды.
Тұрғындардан азаматтық, қылмыстық, әкімшілік заңнама, ТКШ, әлеуметтік, жер мен еңбек қатынастары, құрылыс, денсаулық сақтау және тағы басқа мәселелер бойынша барлығы 50-ден астам өтініш келіп түсті.
«Бүгін мен өз сұрақтарыммен бірден бірнеше сарапшыға жүгініп, олардан тиісті түсініктеме алдым. Заңгерлерге ақша төлеуге әркімнің мүмкіндігі болмайды, сондықтан бұл акция өте пайдалы», – деп Станционный ауылының тұрғыны өз әсерімен бөлісті.
Акция бір мезгілде еліміздің барлық ірі қалалары мен негізгі елді мекендерінде өтті. Ақмола өңірінде облыс орталығынан басқа, акцияға қалалар мен аудандар да қосылды.
Айта кетейік, «Халық заңгері» жыл сайын өткізіліп келеді, осы уақыт ішінде акция халық арасында өз қажеттілігін көрсетті. Тек 2016 жылдан бастап 7 жыл ішінде еліміздің 150 мыңнан астам азаматы тегін заң көмегін алды, 7 мыңнан астам заңгерлер мен түрлі мемлекеттік органдар басшылары кеңес өткізді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz желілік басылымы,«Параграф» АЖ, мемлекеттік органдар, белгілі заңгерлер мен адвокаттар.