Бұл туралы Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Дарига Оспанова баяндайды.
– Мемлекетте баланы өз қамқорлығына алып, ата-ананың бала тәрбиесі мен болашағына ерекше ықпал ететінін ескеріп, оларға ұлт болашағын қорғау мақсатында бірқатар жауапкершілік түрін қарастырған. Осылайша заңмен ата-ананың бала алдында азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлерін бекіткен. Жауапкершіліктің әр белгіленген түрі тек іс жүргізу түрімен ғана емес, балаға қатысты жасалған құқық бұзушылық нәтижесінде туындайтын жауапкершілігімен де ерекшеленеді. Заң бойынша бала деп – жасы 18 толмаған тұлға қарастырылады. Ал оның мүддесіне қайшы келетін әрекеттер үшін жауапты тұлғаларды бірнеше топқа бөле аламыз, Ол: ата-ана, асырап алушы, қамқоршы. Бұлар кәмелет жасына толмаған баланың заңды өкілдері болып табылады. Осы топқа тиесілі әр тұлға баланың өмірі, денсаулығы, тәрбие, білім алуын жауапты? – дейді Оспанова.
Баланың құқытарының түрлері мен сипаты ҚР Неке /ерлі-зайыптылық/ және отбасы кодексі мен бала құқықтары туралы заңмен бекітілген. Сәйкесінше пайда болатын жауапкершілік түрлері мен сипаты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, қылмыстық кодекс пен осы салада азаматтық жауапкершілікті көздейтін азаматтық, неке /ерлі-зайыптылық/ және отбасы туралы кодексімен реттелген.
Заңды өкілдің, оның ішінде ата-ана, қамқоршы мен қорғаншының бала алдындағы жауапкершілігі мәселесі сотпен қаралады. Сотқа келіп түсетін арыздар кәмелет жасына толмаған баланың әкесі немесе шешесінің екіншісіне қатысты берген талап қою тәртібінде берілетін арызы негізінде. Немесе құзырлы органның арызы негізінде пайда болады. Бұндай жауапкершілік түрлері атан-ананың балаға қатысты білім алу, денсаулық сақтау, тәрбие беру құқықтарымен негізделген.
Қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен өзгешеленетін жауапкершіліктің түрі – азаматтық жауапкершілік.
Ата-ананың балаға байланысты міндеттерін жеткілікті дәрежеде орындамауы оның кәмелет жасына толмаған баласына қатысты ата-аналық құқығын шектеу және ата-аналық құқығынан айыруды көздейді.
Осылайша Неке және ерлі-зайыптылық туралы кодексінің 12 тарауында аталған құқықтық салдардың жүргізу реті бекітілген.
Кодекстің 75 бабында ата-ана құқықтарынан айыру негіздері бекітілген. Осылайша, егер ата-аналар:
1) ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса;
2) өз баласын перзентханадан (оның бөлімшесінен), жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарынан және өзге де ұйымдардан алудан дәлелсіз себептермен бас тартса;
3) өздерiнiң ата-ана құқықтарын теріс пайдаланса;
4) балаға қатыгездік көрсетсе, оның ішінде оған күш қолданса немесе психикасына зорлық жасаса, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаса;
5) құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға және (немесе) сол тектестерге салынса, олар ата-ана құқықтарынан айрылады.
Ата-аналар өз баласының, жұбайының не отбасының басқа да мүшелерінің өмiрiне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде ата-ана құқықтарынан айырылады.
Ата-ана құқықтарынан айыру сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер ата-аналардың бiреуiнiң немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттер жүктелген органдардың немесе ұйымдардың өтініштері, сондай-ақ прокурордың талабы бойынша қаралады.
Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстер прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен қаралады.
Ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстi қарау кезiнде сот ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардан алимент өндiрiп алу туралы мәселенi шешедi.
Егер сот ата-ана құқықтарынан айыру туралы iстi қарау кезiнде ата-аналардың iс-әрекетiнен қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін байқаса, ол мұны жеке қаулымен прокурордың назарына жеткiзуге мiндеттi.
Ата-ана құқықтарынан айыру туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде сот бұл шешiмнiң үзінді көшiрмесiн баланың тууын мемлекеттiк тiркеу орыны бойынша тіркеуші органға және баланың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға жіберуге мiндеттi.
Заң шығарушы ата-ана құқықтарынан айырудың салдарын да белгілеген, Осылайша:
Ата-ана құқықтарынан айыру баламен туыстық фактiсiне негiзделген барлық құқықтардан, оның iшiнде одан күтіп-бағу қаражатын алу, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшiн белгiленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақыны алу құқықтарынан айрылуға әкеп соғады.
Ата-ана құқықтарынан айыру ата-аналарды өз баласын күтіп-бағу мiндетiнен босатпайды, бұл міндет оны асырап алуға байланысты тоқтатылады.
Бала мен ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың одан әрi бiрге тұруы туралы мәселе сот тәртiбiмен шешiледi.
Ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылған бала тұрғын жайға меншiк құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын, сондай-ақ ата-аналарымен және басқа да туыстарымен туыстық фактiсiне негiзделген мүлiктiк құқықтарын, оның iшiнде мұра алу құқығын сақтайды.
Баланы басқа ата-анаға беру мүмкiн болмаған кезде немесе ата-аналарының екеуi де ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда, бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқоршылығына берiледi.
Егер бұл балаға теріс әсер етпесе, ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардың өтініші бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баламен жолығуға рұқсат етеді.
Ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда бала асырап алуға соттың ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты ай өткен соң жол берiледi.
Ата-аналарының біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған баланы асырап алуға екінші ата-анасының келісімімен жол беріледі.
Егер ата-ана кәмелет жасына толмаған балаға қатысты құқықтары мен міндеттеріне қатсыты көзқарасын өзгерткен жағдайда оның ата-ана құқықтарын қалпына келтіру де қарастырылған Осылайша:
Егер ата-аналар мiнез-құлқын, тұрмыс салтын және бала тәрбиесіне көзқарасын өзгерткен болса, сот олардың ата-ана құқықтарын қалпына келтiруi мүмкiн.
Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың өтініші бойынша сот тәртiбiмен жүзеге асырылады. Ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы iстер ата-ананың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен қаралады.
Егер ата-ана құқықтарын қалпына келтiру баланың мүдделерiне қайшы болса, сот баланың пiкiрiн ескере отырып, ата-аналардың ата-ана құқықтарын қалпына келтiру туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
Он жасқа толған балаға қатысты ата-ана құқықтары оның келiсiмiмен ғана қалпына келтiрілуі мүмкiн.
Егер бала асырап алынса және асырап алудың күшi жойылмаса, ата-ана құқықтарын қалпына келтiруге жол берiлмейдi.
Мемлекеттің ерекше қорғауындағы тұлғаларға қатысты ата-ана құқықтарын шектеу де қарастырылған. Ол бойынша сот баланың мүддесiн ескере отырып, баланы ата-аналардан оларды ата-ана құқықтарынан айырмай алу жолымен ата-ана құқықтарын шектеу туралы шешiм шығаруы мүмкін.
Ата-аналары немесе олардың біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған немесе шектелген баланы баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган орналастырады.
Егер баланың ата-аналарымен қалуы:
1) ата-аналарға байланысты емес мән-жайлар (психикасының бұзылуы немесе өзге де созылмалы ауруы, ауыр мән-жайларға душар болуы) бойынша;
2) ата-аналардың мінез-құлқының салдарынан, бірақ бұл ретте ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру үшін жеткілікті негіздер анықталмай, ол үшін қауіпті болса, ата-ана құқықтарын шектеуге жол беріледі.
Егер ата-аналар өз мінез-құлқын өзгертпесе, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган ата-ана құқықтарын шектеу туралы сот шешімі шыққаннан кейін алты ай өткен соң оларды ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап-арыз беруге міндетті.
Ата-ана құқықтарын шектеу туралы талапты баланың жақын туыстары және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ прокурор береді.
Ата-ана құқықтарын шектеу туралы iстер қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің міндетті түрде қатысуымен қаралады.
Ата-ана құқықтарын шектеу туралы iстер қаралған кезде сот ата-аналардан балаға алимент өндiрiп алу туралы мәселенi шешуге құқылы.
Ата-ана құқықтарын шектеудің салдары туралы айтатын болсақ, сот ата-ана құқықтарын шектеген ата-аналар баланы жеке өзi тәрбиелеу құқығынан айрылады, ал осы Кодекстің 79-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, балалары бар азаматтар үшiн белгiленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақы алу құқығынан да айрылады.
Ата-ана құқықтарын шектеу ата-аналарды баланы күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерден босатпайды.
Өзiне қатысты ата-аналарының ата-ана құқықтары шектелген бала тұрғын жайға меншiк құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын сақтайды, сондай-ақ ата-аналарымен және басқа да туыстарымен туыстық фактiсiне негiзделген мүлiктiк құқықтарын, оның iшiнде мұра алу құқығын сақтайды.
Ата-аналарының екеуiнiң де ата-ана құқықтары шектелген жағдайда бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына берiледi.
Егер бұл балаға теріс әсер етпесе, сот ата-ана құқықтарын шектеген ата-аналарға баламен қатынасуға рұқсат етеді. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның не қорғаншысының немесе қамқоршысының, баланың патронат тәрбиешiлерiнiң немесе бала тұрып жатқан ұйым әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен ата-аналардың баламен қатынасуына жол берiледi.
Ата-ана құқықтарын шектеу салдарының күшін жою келесі мән-жайлар орын алғанда мүмкін. Ол:
- Егер ата-аналардың ата-ана құқықтары шектелген негiздер жойылса, сот ата-аналардың талабы бойынша баланы ата-аналарына қайтарып беру туралы және осы Кодекстің 80-бабында көзделген шектеулер салдарының күшiн жою туралы шешiм шығарады.
- Егер баланы ата-аналарына қайтарып беру оның мүдделерiне қайшы келсе, сот баланың пiкiрiн ескере отырып, талапты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
Заңмен баланың өміріне немесе оның денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда баланы айырып алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Баланың өмiрiне немесе оның денсаулығына тiкелей қатер төнген кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланы ата-аналардан немесе оны қамқоршылыққа алған басқа да адамдардан дереу айырып алуға құқылы.
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган сот шешімі қабылданғанға дейін республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының актісі негізінде баланы дереу айырып алады.
Баланы айырып алу кезінде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган кешіктірмей прокурорға хабарлауға, баланы уақытша орналастыруды қамтамасыз етуге және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органы баланы айырып алу туралы актiні шығарғаннан кейiн жетi күн iшiнде ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе оларды шектеу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге мiндеттi.
Аталған жауапкершілік түрлері заңмен бекітілген. Алайда ата-ананың жауапкершілігі тылсымы күшті құдыретпен оған ата-ана бақытын сыйлаған сәттен басталып, өз өмірінің мәні мен жалғасын адамгершілік бейнесімен суреттеген, тұла бойы жігері мен қайратқа толы, рухы мықты, санасы ояу ұрпақ тәрбиелеумен өмір бойы жалғасатынын түсінгеніміз абзал.