spot_img
Сәрсенбі, Сәуір 17, 2024
15.2 C
Kokshetau

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК- МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ

Сондай-ақ...оқыңыз

2023 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын бекіту туралы» қаулыға қол қойды.

  Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасы бекітілді.

Президент  Қазақстан Республикасының Үкіметіне үш ай мерзімде Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуді де тапсырды.

——————————————————————————————-

 Шынын айтқанда бұл дәл өзінің мезгілінде қабылданған Доктрина!

  Өйткені ендігі арада Қазақстан өзінің ақпараттық кеңістігіне ие бола алмаса, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнер қатер бұлтының қоюлана түсері анық.

Әлемде  ақпарттық майдан ашылғалы қашан! Сол ақпараттық майданның бәрінен де қауіпті екендігін тағы да жоққа шығара алмаспыз.

  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстандағы барлық дүние мүлік жекешелендіруге, кейде талан-таражға түскеніндей осындай күйді Бұқаралық Ақпарат Құралдары да бастан кешті.

  Өзінің ойы мен идеясын, тіпті кей  жағдайда жеке бастарының мүдделерін қорғау үшін, біріне бірі қарсы топтар, қалталы топтар, қаржылы топтар өз сөздерін сөйлету үшін БАҚ-ты пайдалана білді. Жұмыссыз, кей  жағдайда күнкөріссіз қалған журналистерді жалдамалы етіп, өз сойылдарын соққызып та отырды.

  Мұндай күштерге қарсы тұрған және де Қазақстанда  абсалютті шапшаңдықпен орын ала бастаған әділетсіздікке, жемқорлыққа, өзге де көргенсіздіктер мен билік басындағы кейбір шенеуніктердің шектен шыққан бассыздықтарын айтып, жаза бастаған  БАҚ-тар мен журналистердің  бастарына қара түнек орнатылды.

  Тіпті кейбіріне қастандықтар жасалды, түрмелерге қамалды. (Алдағы уақытта Қазақстанда биліктің, болмаса әлдебір ықпалды топтардың күшімен көздері жойылған, қуғын-сүргін көрген БАҚ қызметкерлерінің аты-жөндері түгенделіп, ол Қазақстан журналистикасының тарихына енгізілу керек).

   Қазақстанның барлық БАҚ-тары мен журналистері бір «Хабардың» аузына қарап қалған күн де болды. Осы «Хабардың» «беделі» мен «абыройын» арттыру үшін өзге бір БАҚ-тар олармен бақ таластырмау керек болды. Тіпті «Хабардың» пәрмені мен ықпалы сол кездегі  Ақорданың пәрменіндей болып жүрді. Себебі белгілі…

  Доктринада «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ақпараттық саясаты өз дамуының бірнеше кезеңінен өтті. 1990-шы жылдардың басынан 2000-шы жылдардың басына дейін отандық телевизия мен баспа индустриясының белсенді түрде қалыптасу үрдісі байқалды» делінеді.

   Алайда осы жылдары бұл қалыптасу тендециясы белгілі бір ықпалды топтар мен ықпалды күштердің, былайша айтқанда  қолдарында бек зор биліктері мен бек зор байлығы барлардың ықпалында болды. Содан келіп, БАҚ кім көрінгеннің иелігінде кетті. Кейбір облыстық газеттер, (мысалы  Көкшетау)  өздерінің бұрыннан отырған ғимараттарынан да айырылып қалды. Жекенің қолында кетті. Қазір сол жекеге жалданып отырған жай бар.

  Міне, осылайша журналистика бизнеске айналды.2011 жылдың қыркүйек айында Сенат депутаты ретінде Үкіметке сауал жасап, журналистердің жағдайын жақсарту, журналист мамандарын даярлау мен қайра даярлау жайын көтерген едім.

  Сол депутаттық сауалымда « Журналистика бизнес емес, журналистика идеология. Журналист мамандарын даярлау арқылы біз ертеңгі идеологияқызметкерлерін даярлаймыз» дегенді қаншалықтыайтқанымызбен, оған құлақ асу болған жоқ.

 Иелігінде ұстап отырған БАҚ-ты ақша табудың көзіне айналдыру сол тоқсаныншы жылдары етек алып кетті де, сол үрдіс әлі күнге шейін қалмай келеді. «Ақша тапқыш» БАҚ-тың иесі дөкейдің не қызы, не ұлы, не немере-жиендері болса, сол БАҚ-тың бағы жанып жүре берді.

  Өйткені сол дөкейдің балалары мен туыстары ұстап отырған БАҚ-тарға спонсорлық көмектер жасау үшін кезекте тұрған қалталылар  да болғандығы жасырын емес  еді.

  Сол желеумен жоғары билікке жақындау, жұғысу, сол арқылы қолдауға ие болып, өз есептерін түгендеу сияқты жайларды да бастан кешті біздің журналистика! Былайша айтқанда жемқорлықтың бір қақпасы да осы арада ашылғаны анық болар!

 Осы «ақша табу», қайткенде де күн көрутендециясы журналистердің де басым бөлігін жағымпаздықты, жалған сөйлеп, жалған жазуды, мақтауды ғана машық қылуға ұрындырды.

 Жә… өткенді қазбалай берсек, өткеннің айыбы да, зардабы да зар жылауға жетерлік. Алайда ендігі арада осы Доктринада айтылған «Ақпараттық кеңістікті дамыту тәсілдері» мен «Ақпараттық саясатты жетілдіру» бөлімдерінде айтылған жайларға ден қойып, өреміз жеткенше өз көзқарасымызды білдірелік.

Сөз жоқ, Қазақстанның ақпараттық кеңістігін де, ақпараттық саясатын да жетілдіру қажет. Бұл дау тудырмайтын мәселе. Бірақ та бүгінгі күні қазақстандық журналистика әлемдік ақпараттық кеңістікке шығуға қабілетті ме, қабылетті болса оған күш-мүмкіндіктері жете ме? Ол үшін қыруар қаржы, осы заманғы байланыс құралдары, шет тілідерін білетін мамандар жағын шешіп алдық па?

     Ең аяғы газет-журналдарды басуға қажетті қағаз, типографиялық жабдықтардың бәрі дерлік алыс-жақын шет елдерден алынады. Олардың бағалары жыл санап емес, ай аралатпай қымбаттап жатыр. Бұл  келіп баспа өнімдерінің бағаларының өсе түсуіне және редакциялардың шығынға батуларына әкеп ұрындырып отыр.

«Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі болып табылатынын ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясат өзгермелі әлемдік процестер мен үрдістерге жүйелі ден қоюды, сондай-ақ ұлттық мүдделерге сәйкес жаңа құралдарды белсенді түрде енгізуді көздейтін болады», делінген Доктринаның бір парасын дәйек ете отырып, алдағы уақытта Қазақстанда әлем елдеріне сол әлемнің өз тілдерінде жаңалықтар мен хабарлар таратып отыратын бірыңғай орталық та құру керек болар.

Қазақстанда өз ішімізге және шет елдерге ақпарат таратудың бірыңғай орталығы бар ма осы? Қытайдың «Синьхуа», британиялық “Reuters»,  Францияның «Agence France-Presse», Американың «Associated Press»,  Ресейдің « Интерфакс», «ТАСС»,  «РИА Новости»  ақпараттық агенттіктер сияқты біздің еліміздің қай ақпараттық  агенттігін алға ұстауымыз керек?

  Кей жағдайда Қазақстанда  бір ақпараттың сан түрлі болып таралып жатуы да осы бір орталықтандырылған жүйенің жоқтығынан болар деп ойлаймыз.

 

«Доктринаны іске асыру аясында қабылданып жатқан шаралар кешендік тұрғыда отандық ақпараттық өнімнің және тұтас саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға; ақпараттық өрістің негізгі саяси-идеологиялық бағыттарында ұлттық құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз етуге; сыртқы ақпараттық ықпалды тежеудің тиімді тетіктерін тұжырымдауға; халықаралық деңгейде сапалы ақпараттық қатысуды арттыруға; саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге ықпал етуге тиіс,-деген  Доктрина талаптарын орындау ендігі арада Қазақстанның идеологиясының да, Қазақсатнның әлемдік саясаттағы рөлінің де нығыя түсуіне шынай ықпал етер қағидаттардың бірі.

  Бұл қағидатты жүзеге асыру үшін ең әуелі ішкі журналистиканы, өз еліміздің БАҚ-тарын күшейтіп, нығайтып алуға тиістіміз. Бұл отандық ақпараттық өнімдердің әлемдік бәсекеге қабылетті болуының негізгі шарты болса керек.

    Алайда, осы күндері  қаржы жағынан өлместің күнін көріп, әупірімдеп отырған БАҚ-тардың қатары жетіп артылады.Бәлкім, жергілікті БАҚ-тарды жергілікті жердің биліктеріне телміртпей қаржыландырып отырудың бір орталықтандырылған жүйесін жасау да керек болар, Бұл жергілікті БАҚ-тардың неғұрлым еркін, неғұрлым батыл болуына да ықпал етер!  Және дебіздің айтып отырған бұл мәселеміз Доктринада айтылған «бәсекеге қабілетті және қауіпсіз ұлттық ақпараттық кеңістікті қолдау және дамыту, жергілікті БАҚ-ты нығайту» деген ұстанымға сай келіп тұрғаны бар.

  Ақпараттық саясатты жетілдіру әрине, қажет-ақ! Бұл орайда бүгінгі күні БАҚ-тарды ең әуелі кәсіби  журналистермен, «АИТИ» мамандарымен қамтамасыз ету өзекті мәселе болып отыр. Ендігі арада журналист мамандарын жазып-сызып үйретумен бірге, жаңа технологияларды қоса  меңгеруге оқытып, үйреткен де  абзал. Бәлкім Астанада осы заманның талабына сай боларлық шет елдік мамандарды тарта отырып, қазақстандық БАҚ қызметкерлерін даярлаудың оқу орнын ашу да қажет болар.

  Біз ендігі арада Доктринада атап көрсетілген «азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерінің, құқықтары мен бостандықтарының теңгерімін, олардың өзара жауаптылығын сақтау» және «отандық ақпараттық кеңістікте үстемдікті қамтамасыз ету, негативті ақпараттық ықпал ету қатерлеріне ден қою және жалған нарративтермен күресу мәселелерінде мемлекет пен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы» қалай үйлестіре жүргізілуі керек деген қағиданы берік ұстану үшін БАҚ қызметкерлерінің мемлекет алдындағы Мемлекеттің БАҚ қызметкерлері алдындағы ортақ бір жауапкершілікті орнықтыруға тиістіміз.

   Бұл кей жағдайда БАҚ қызметкерлерінің тағы да айтар болсақ, күн көрістері үшін кім көрінгеннің сөзін сөйлеп, сойылын соғып кетуден сақтандырар еді. Доктринада атап көрсетілген «Мемлекет пен БАҚ әріптестігінің оңтайлы моделін, оның ішінде медиасаланың дамуын ынталандыру тетіктерін қалыптастыру» осы арадан басталса керек.

Бір ақиқат бар! Ол-ақпараттық қауіпсіздікті нығайту -мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту! Олай болса, бүгінгі күні бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды және БАҚ-тарды қаржыландыруға келгенде ауырсынуды қоюды  да талап етеді.

Сөз соңында айтарым, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені реформалау сияқты көп салалы қызметінің бір парасы осы өзі бекітіп отырған Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасы болып табылады. Олай болса, бұл Доктринаны ескеру және сол ойынша жұмыс істеу, алдағы уақытта кешенді шаралар жасап, оларды жүзеге асыру еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бір қадамы деп білгеніміз абзал!

Жабал Ерғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі. 

 

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Ол су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штабтың...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img