«Қоғамдық пікір» зерттеу институты 20 қарашада өтетін ҚР Президенті сайлауына қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізді. Нәтижесінде респонденттердің 71,6 пайызы дауыс беруге ниетті екендіктерін мәлім еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Есепке сәйкес, 2022 жылғы 20 қарашадағы Президент сайлауына респонденттердің 71,6 пайызы қатысу ниетін білдірді. Ал, 18,3 пайызы өздерінің сайлауға қатысу ықтималдығын «50/50» деп бағалады. Дауыс беруге бармайтынын мәлімдегендер – 6,1 пайыз. Әлі шешім қабылдап үлгермеген респонденттер – 4 пайыз», – делінген «Қоғамдық пікір» институтының сауалнама нәтижесі көрсетілген хабарламада.
Институт мәліметіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 84,4 пайызы Президент сайлауының әділ өтетініне сенеді. Ал, респонденттердің 11 пайызы бұған кереғар пікірде.
«Кезектен тыс президенттік сайлауда дауыс беруі ықтимал сайлаушылардың 78,8 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға ниетті. Ал, респонденттердің 2,8 пайызы Жигули Дайрабаевқа дауыс беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 1,8 пайыз сайлаушы Нұрлан Әуесбаевтың кандидатурасын қолдамақ. Сауалнамаға қатысқандардың 1,6 пайызы Мейрам Қажыкен мен Салтанат Тұрсынбекова дауыс беруге ниетті. Сонымен бірге, Қарақат Әбденді қолдайтын азаматтар қатары – 0,8 пайыз. Әлеуметтік зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың 3,2 пайызы барлығына қарсы дауыс беретінін мәлімдеген. Ал, репонденттердің 9,4 пайызы әлі таңдау жасап үлгермеген», – деп мәлім етті «Қоғамдық пікір» институтынан.
Аталған әлеуметтік зерттеу 4-6 қараша аралығында жүргізілді. Оған еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаланың 18 жастан асқан 1 200 тұрғыны қатысқан.