Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы төрінде қазақтың көрнекті композиторы, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығаршашылығына арналған К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің «Бақыт құшағында» атты ән кеші өтті. Дирижері «Құрмет» орденінің иегері Тұрлыхожа Базаров, көркемдік жетекшісі және бас дирижері Жанат Рашит. Артынан сырлы, нәзік, ырғақты 300-ге жуық ән жазып қалдырған, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың өлмес мұрасы – сазды әндері бұл кеште филармония әншілерінің орындауында көрермен назарына ұсынылды.
«Шәмші Қалдаяқовтың өлеңдері қай дәуірде болмасын өзектілігімен, ерекшелігін жоғалтпайды. Қазақ халқы үшін ол кісі біртуар композитор. Жасым небәрі 20-да болса да, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін сүйіп тыңдаймын. Заманауи клиптік әндерге қарағанда осындай шығармалар адамды рухани байытады. Бала күнімде ұйықтар алдында әжем осы әуендерді орындап беретін. Бүгінгі концерттің арқасында бала күніме оралғандай күй кештім. Мен үшін бұл-Көкшетаудағы ең үздік концерт болды»,-дейді кеш қонағы Жанар Рахатова.
Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр.
Кеш барысында көрермендер Шәмшінің көпшілікке танымал әндерін филармония әншілеріне қосыла орындады.
«Мәдениет қайраткері» Жанат Есов «Теріскей айналайын», «Мәдениет қайраткері» Гүлжан Ахметова «Ақмаңдайлым» және «Ән ғұмыр», Серікболсын Бекмолдин «Сыған серенадасы», Аякөз Қалмағанбетова «Арыс жағасында» және тағы басқа да әндерді ән сүйер қауымға тарту етті. Қонақтар сахнада айтылған әрбір әнді қосылып шырқады. Кеш өте көңілді өтті, көрерменнің жылы лебізін сахнаға шыққан орындаушылар алғыс ретінде қабылдады.