Сандықтау ауданының Балкашино ауылында екі 36 пәтерлі және бір 45 пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2021 жылдың желтоқсан айы. Бүгінде аймақта баспанаға мұқтаж 250 адам тұрғын үй кезегін асыға күтуде. Бұл туралы баспасөз туры кезінде Сандықтау ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Николай Геобальд айтты,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Мұндағы құрылыс 2020 жылдың қазан айында қарқын алды. Бұл үйлерді пайдалануға беру 2021 жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. Мердігер ұйым – «Казбайлык Астана». Жұмыстар өндіріс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Нысанда шамамен 30 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта 50-ге дейін жеткіземіз. Құрылысқа ауыл тұрғындары, жалдамалы жұмысшылар тартылған, – деді Николай Геобальд.
Өткен жылы 45 пәтерлі үйдің жер жұмыстары және темір-бетон іргетастары орнатылды. Қазіргі уақытта қабырғаларды кірпішпен қалау жұмыстары жүргізілуде. Ал, былтыр 36 пәтерлі үйдің де жер жұмыстары және іргетас блоктарын монтаждау аяқталды. Осы нысандардағы инженерлік желілер мен абаттандыру алдағы уақытта іске асатын жеке жоба.
«Өңірде жалға берілетін тұрғын үй алу үшін кезекте 250 адам тұр. Бұған дейін ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 18 пәтерлі екі үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін осы үшеуі енгізіледі. Болашақта тағы екі 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек.Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл үйлерді тапсыру аяқталғаннан кейін тұрғын үйге кезек мәселесі өз кезегінде толығымен шешіледі, – деді Николай Геобальд.
Айта кетейік, жалға берілетін тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтары үшін “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша салынуда.