Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық «Көкше» телеарнасының және әлеуметтік желілердегі тікелей эфир арқылы облыс тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Өткен жыл қорытындылары мен 2021 жылға арналған жоспарлар туралы есеп беру кездесуінде облыс әкімі өңірде коронавирус инфекциясымен күресуге арналған дәрі-дәрмектің екі айлық қоры сақтаулы екендігін айтып өтті,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агентігі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Өткен жыл барлықтарымызға оңай тиген жоқ. Ең әуелі барлық қиындықтар коронавирус инфекциясының таралуы себебінен орын алды. Бүгінде облыс көлемінде эпидахуал күрделі қалпынан өзгерген жоқ. Әлі де қауіп сейілмей тұр. Өңір- «қызыл аймақта»,-деді облыс әкімі.
Еске сала кетсек, пандемия басталғалы бері аймақта барлығы 12 263 адам ауырып, 9734 адам бұл індеттен жазылды.
Инфекцияның таралмауын болдырмау үшін тиісті шаралар қолданылып, карантин режімі күшейтілді.
Жұқпалы аурулар стационарларында төсек-орын жабдықтары көбейтіліп, жансақтау бөлімдері мен палаталарға барлық қажетті құрылғылар қойылды.
Өңірде вакцинациялаудың алғашқы кезеңі басталды. «Спутник V» ресейлік вакцинасын 690 адам алып үлгерді.
Тұтастай алғанда эпидахуал үнемі назарда жіті бақыланатын болады,-деді аймақ басшысы.