Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры агент банк ретінде «Еуразиялық банк» АҚ-ты таңдады. Қордың қаражаты есебінен кепілдік берілген өтемді «Tengri Bank» АҚ салымшыларына осы банк төлейтін болады.
«Tengri Bank» АҚ депозиттерінде, ағымдағы шоттарында және карточкаларында ақшалары бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өтем алуға өтініш бере алады.
Кепілдік берілген өтем төлеуге өтініштер қабылдау 2020 жылдың 30 қыркүйегінен басталады. «Еуразиялық банк» АҚ бөлімшелері елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, кезек күтуді азайту мақсатында «Tengri Bank» АҚ салымшыларына таяудағы демалыс күндері – 3 және 4 қазанда қосымша қызмет көрсететін болады. ҚДКБҚ салымшыларға агент банктің бөлімшелеріне бармай тұрып, оның сайты арқылы бөлімшелердің қаншалықты жұмысбасты екендігін қадағалауға кеңес береді.
Агент банк сондай-ақ өтініштерді қашықтан беру және өтем сомаларын онлайн тексеру бойынша опцияларды қарастыратын болады. Бұл туралы толық ақпаратты «Еуразиялық банк» АҚ сайтынан алуға мүмкіндік бар.
Агент банк арқылы кепілдік берілген өтем төлеу шарасы 12 ай бойы – 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады. Қор белгіленген мерзімнің аяқталуына қарай агент банкпен арадағы келісімнің қолданылу мерзімін ұзартуы мүмкін. Агент банк арқылы белгіленген өтем төлеу мерзімі аяқталған соң, «Tengri Bank» АҚ салымшылары төлем алу жөнінде тікелей ҚДКБҚ-ға өтініш бере алады.
Еске саламыз, ҚДКБҚ кепілдік берілген өтемді депозиттегі қалдық сома шегінде, банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып төлейді:
- ұлттық валютадағы жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
- ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
- және шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды («Tengri Bank»АҚ лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).
«Tengri Bank» АҚ салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша
екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, агент банк олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттің 5 млн теңгеден аспайтын кепілдендірілген қалдығы бойынша шектеу ескеріледі.
Кепілдік берілген өтемді алу үшін «Tengri Bank» АҚ салымшылары Еуразиялық банктің кез келген филиалы немесе бөлімшесіне барып, төлем алуға өтініш толтырулары қажет. Өтініш бланкісін тікелей агент банктен алуға немесе ҚДКБҚ сайтынан электронды нұсқасын жүктеп алып, алдын ала толтыруға болады.
Агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс тәртібі туралы ақпарат www.eubank.kz ресми сайтында және банктің анықтама қызметінде қолжетімді:
+7 (727) 332 77 22, +7 (771) 000 7722, +7 (700) 000 7722, +7 (702) 010 7722.
Салымшы агент банкке жеке басын куәландыратын құжатпен баруы қажет.
Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш беретін болса, құқық белгілеуші құжаттарды да ұсыну қажет (мысалы, мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе сенімхат).
Салымшының тегі, аты немесе әкесінің аты өзгергендігі агент банкте неке қию туралы куәлікпен немесе Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) органы беретін тегін, атын және әкесінің атын өзгерту туралы куәлікпен расталады.
Жекелеген жағдайларда агент банк мәлімделген талаптардың негізділігін растайтын қосымша құжаттар сұратуға құқылы. Кепілдік берілген өтем салымшы құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.
Атап өтеміз, салымшылар өз еріктерімен кепілдік берілген өтемді өздеріне ыңғайлы тәсілмен: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол агент банкте банк шотын ашу немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы ала алады.
Кепілдік берілген сомадан артық қалған ақшасы бар салымшылар, оны алу үшін банкті еріксіз тарату туралы сот шешімі күшіне енген соң, «Tengri Bank» АҚ тарату комиссиясына өтініш беруге құқылы.
Депозиттер бойынша кепілдіктер және төлемдерді жүзеге асыру туралы жалпы ақпараттар Қордың www.kdif.kz сайтында қолжетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электронды поштасына жазу арқылы өтініш білдіре алады.