Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбит облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз орталығында ислам күнтізбесіндегі қастерлі мереке – Құрбан айттың тағылымы жөнінде ой бөлісіп, сұхбат берді. Бұл кездесу аталған орталықтың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы барша оқырмандарға таратылды, деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысының «Науан Хазірет» атындағы облыстық мешіттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап,
Бас имам өзінің сөзінде Құрбан айттың шариғи және тілдік мағынасына тоқталды. Бұл «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Яғни, Алла Тағалаға құлшылық жасау арқылы жақындау деген сөз. Осы рәсім кезінде шалынатын құрбан малының да астарында осы ойлар жатыр.
Қазіргі пандемия індеті кезінде құрбан малды қалай шалу керектігі жөнінде де айтып берді. ҚМДБ жанындағы «Зекет» Қоры ағымдағы жылы 24 шілдесінен бастап «Qurban2020.muftyat.kz» арнайы сайтын іске қосып, осы жүйе арқылы ел бойынша құрбандық шалу рәсімі онлайн-тапсырыс беру арқылы жүзеге асырыла бастағанын атап көрсетті.Ендігі жерде тапсырыс беруші сайтта құрбандық үшін союға таңдаған мал ақысын Kaspi.kz онлайн-банкингі арқылы төлей алатынын, төлемнің қабылданып, тапсырыс орындалғаны жайлы смс-хабарлама келеді, – Қуаныш қажы Сәбитұлы.
Жалпы, Құрбан айт күндері қаланың мал базарында құрбан шалуға жағдай жасалғанын, онда дін қызметкері, оператор және есеп жүргізетін адамдар тағайындалғанын да тілге тиек етті.
Бас имам Қуаныш қажы Сәбит барша қауымды Айт мерекесімен құттықтап, бұл мерекенің ел басына күн туған шағында өтіп отырғанын, бұған барша қауым түсіністікпен қарайтынын алға тартты.