Жаз мезгілінде сабақтан босаған мектеп жасындағы балалардың тілсіз жаудың құрығына түсіп қалып немесе ойнап жүріп арандап қалатын оқиғалары жиілеп кететіні жасырын емес. Осы оқиғалардың алдын алу мақсатында онлайн-режимде Ақмола облысының білім басқармасы семинар-кеңес өткізді,-деп хабарлайды Aqmola News.
Семинарға облыс аудандары мен қалаларының білім бөлімдері басшылары мен жазғы демалыс мәселелеріне жетекшілік ететін әдіскерлер қатысты.
Жаз уақыты – балалар өміріндегі жаңа жаңалықтар мен қызықты әрі жарқын оқиғалар уақыты. Жаз мезгілінде баланың ата-анасы сапалы демалысты қамтамасыз ете отырып, баларын оттан, судан, түрлі оқыс оқиғалардан сақтауға, қорғауға міндетті.
Семинарға қатысқан Ақмола облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуандықова Айнагүлдің, Төтенше жағдайлар департаментінің бас мамандары Жанғожин Әсет пен Елтаев Негметтің және ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Төлепбергенов Еркеннің де баяндамалары мен ескертпелері бала қауіпсіздігіне бағытталды.
Ақмола облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің балалар мен білім беру нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Хабдулина Зәуреш Қайыркенқызы балалар мен жасөспірімдер ортасындағы короновирустық инфекцияның алдын алу шаралары туралы айтты.