Аршалы ауданында жылыжай кәсібімен айналысатын кәсіпкер экологиялық таза өнімдерді өндіруде. Кәсіпкермен тілдескенімізде қысы-жазы жұмыс істей беретін заманауи технологиямен жабдықталған бұл жылыжай жобасы «Жасыл технология» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылғандығы белгілі болды,- деп хабарлайды «Aqmola News» тілшісі.
Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы Аршалы ауданы несие серіктестігінен 10 миллион теңге сомасында несие алған кәсіпкер қалған отыз миллион теңгені өзі тауып, шаруасын одан әрі жолға қояды.
Жылыжайдың басты ерекшелігі сол кәсіпкер экологияға зиян келтірмейтін технологияларды барынша қолдануға тырысқан. Құрылысы былтырғы жылы мамыр айында басталған жылыжай қыркүйек айында толықтай аяқталған.
Қазір жылыжайда «Жаңартылатын энергия көздері» бағдарламасымен Оңтүстік Кореядан 25 миллион теңгеге арнайы алдырылған күн қызуынан қуат алатын аккумуляторлы панельдер мен LED шамдарымен жарықтандырылады. Бүгінде жылыжай автономды энергиямен 15 пайызға дейін қамтылған. Ал көкөніс өнімдерін суару үшін кәсіпкер өз ойынан жылыжай конструкциясын жауын-шашынды шашау шығармай пайдалануға ыңғайлап жасаған. Сондай-ақ, Есіл өзенінен құбыр тартып, жылыжайды суаруды толықтай автоматтандырыпты.
Былтыр алғашқы жылыжайдан өнім алдық. Тамшылап суару технологиясы бойынша әрбір шаршы метрден 20-25 килограммға дейін қияр алдық. Қазіргі уақытта жылыжай кешендерінде құлпынай, қияр, қызанақ және салаттың бірнеше түрін өсірудеміз. Болашақта көкөністерді топырақсыз жасанды ортада өсіру әдісі – гидропониканы қолданбақшымын. Әрине, былтырғы қыс та, біз үшін қолайлы болып, ылғал мол түсті. Бұйырса, келесі маусым айының ортасында алғашқы көкөністерді нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Әзірге, Аршалы ауданын экологиялық таза көкөніс өнімдерімен қамтуды мақсат еттік, – дейді «Оазис» жеке кәсіпкерлік шаруашылығының басшысы Рифкат Абдульманов.
Жылыжайдан қысы-жазы өнім алу үшін ұзақ жанатын қазандықтар орнатылған. Бұйырса алдағы уақытта өнім көлемін кеңейтіп, Елордаға да өнім шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтыған жылыжай кешенінің қазіргі жобалық жобалық құны – 98 миллион теңгені құрап отыр.
Жылыжай иесі алдағы уақытта шаруашылық көлемін кеңейтуді көздеп отыр.
Майра Қуанышқызы.