Ақмола облысының Ольгинка ауылында түйнемеге байланысты жарияланған карантин 30 тамызда алынады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі аймақ әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Аршалы аудандық ауруханасына барып, «түйнеме» диагнозымен түскен науқастардың жағдайымен танысты. Сондай-ақ Ольгинка ауылындағы індеттің ошағын оқшаулау жөніндегі штабтың көшпелі отырысын өткізді.
Көшпелі отырыста облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов, Аршалы ауданының әкімі Талғат Мұханбетжанов және Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айгүл Мусина ошақты жою үшін қандай шаруа тындырылғанын баяндады.
«Бүгінгі таңда 6 адамның 4-еуінің диагнозы зертханалық түрде расталды. Олар дәрігерлердің бақылауында және қажетті ем алып жатыр. Науқастардың жағдайы тұрақты. Малдың індетті жұқтыру себебі анықталуда. Ольгинка ауылында карантиндік іс -шаралар жүргізілуде. Оның ішінде аулалар үш мәрте дәріленді. Карантин 30 тамызда толығымен алынып тасталады», – делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.