Ақмола облысында «Мектепке жол» акциясы әдеттегідей жоғары белсенділік сипат алды. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының мәліметінше, акция шеңберінде биылғы жылы облыс бойынша аз қамтылған отбасылардағы 3945 балаға 52 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. «Мектепке жол» акциясы ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешіміне сай биылғы жылы шілденің 5-нен басталып отыр. Биыл облыс бойынша 13434 бала материалдық көмекке мұқтаж болса, оның 1187 бірінші сыныпқа барады», – дейді Ботакөз Дүйсенова. Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, өңірде жылдан жылға акцияға қатысушылардың саны артуда. Өткен жылы өткізілген акцияның қорытындысы бойынша облыста аз қамтылған және көпбалалы отбасылардағы 8481 балаға барлығы 88222,3 мың теңгенің көмегі көрсетілді. «Мектепке жол» акциясы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Осы ретте, үй-үйді аралау рейдтік шаралар арқылы мектепке бармайтын балаларды анықтауға, сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасындағы балалардың мектепке жиналуын қамтамасыз ету көзделген. Осыған байланысты ҚР БҒМ ұсынысымен барлық аудандарға «Мектепке жол акциясын» өткізу туралы бұйрық берілген. Аталмыш ұсыныстағы жоспарға сәйкес, демеушілер, меценаттар, ірі компаниялар мен акционерлік қоғамдардың басшыларына және тұрғындар акцияға барынша тартылуда. Сонымен қатар, ақпараттық -түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде»,
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз
https://www.inform.kz/kz/akmolalyktar-mektepke-zhol-akciyasyna-adettegidey-belsendi-katysuda_a3556372