Көкшетау қаласындағы Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрай Мәлік Бурабай туристік аймағының дамуына кедергі болатын негізгі мәселелерді анықтады.
–Оқушым Нұрай Қазақстандағы туризм туралы әлемжелідегі барлық ақпараттарды зерттеп, зерделеп шықты. 2015-2016 жылдар аралығында елімізде туризм саласының дамуы сәл төмендеген екен. 2020-2021 жылдары пандемия бұл жағдайды одан әрі ушықтырды. Сол себепті Бурабай курорттық аймағына туристерді тарту мәселесі қайтадан күн тәртібіне шығып отыр,–-дейді жоба жетекшісі, аталмыш мектептің биология пәнінің мұғалімі Нұргүл Өміртай.
–Бурабай курортты аумағы өзінің әсем, әдемі, аңыз бен тарих тұнған, түрлі сырларға толы керемет табиғатымен атақты. Елімізге келетін шетелдік туристердің 80 пайызы міндетті түрде «Бурабай» курорттық аймағына барады екен. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында бейресми деректер бойынша Бурабай курортына 700 мыңнан астам турист келуі ықтимал. Сондықтан, Бурабайдың туризмі басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда жақсы дамуы керек деп ойлаймын, –дейді жас ғалым Нұрай.
–Қазіргі таңда көптеген азаматтар өңіріміздің туризм саласын дамытуға өз үлестерін қосуда. Дәлірек айтсақ, көптеген қонақ үйлер, қонып шығуға арналған орындар мен жатын жайлар салынуда. Бурабайда балаларға арналған демалыс орындары, яғни лагерьлер де өте көп. Олар – «Лесная сказка», «Приозерный», «Звёздный», «Эдельвейс Бурабай» лагері, одан басқа «Mirotvorets», «Дискавери», «Самұрық», «Арман», «Балдаурен», «Матюшино» сияқты балаларға арналған демалыс орындары,– деп қосты оқушы.
Нұрайдың айтуынша, бүгінгі күні Бурабайдың туризм саласында ескеретін мәселелер – қаражат мәселесі, экологиялық жағдай, туристік инфрақұрылымды жақсарту қажеттігі. Бұл мәселелерді шешу үшін оқушы келесідей ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, ол жергілікті шағын және орта бизнесті субсидиялау, қызмет көрсету саласындағы бәсекелестікті арттыру, туристтік аймақтың тазалығын қамтамасыз ететін жүйені жаңғырту, туристтер арасында экологиялық насихат жүргізу, антропогендік нысандармен табиғи жүйелердің үйлесімділігін қамтамасыз ету қажеттігін айтады.
–Инфрақұрылымды жоспарлау барысында демалушылардың жас ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеріп, туристтік инфрақұрылымға өзгеріс еңгізу арқылы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін алға тартады.
–Бурабайда туризм саласын дамыту үшін әлі де көптеген жұмыстар жүргізу керек. Экологиялық проблема тұрғысынан, туристермен бірге Бурабайға келетін өзіміздің қазақстандықтардың да қарапайым «табиғатты аялау» ережелеріне, табиғат аясында өзін-өзі ұстау мәдениетіне үйрету керек,– деген тұжырымы сүйсіндірмей қоймайды.
Нұрай аталмыш жобамен «Бұл жер – сенікі және менікі» табиғат білгірлерінің аймақтық турниріне қатысып, «Экологиялық туризм» номинациясында 1 орынды иеленіпті.