spot_img
Жексенбі, Желтоқсан 22, 2024
-8.9 C
Kokshetau

Қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану керек

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ерейментау ауданының тұрғындарымен есепті кездесуінде тиімді әлеуметтік-экономикалық даму үшін жаңа құралдарды пайдаланудың және жұмысқа көзқарасты толықтай қайта қарау қажеттілігін бірнеше мәрте атап өтті. Жылдар бойы келе жатқан әдістер мен тәсілдер ескірді және өскелең уақыт талабына сай келмейді.   

Бүгінгі күнгі басты міндет – аудандағы жалпы өнім көлемін 7 триллион теңгеге жеткізу. Менің тапсырмам бойынша 2029 жылға дейінгі экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары және облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқыны бойынша, яғни, жалпы өнім көлемін екі есеге арттыруға, тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға  бағытталған рейтингі әзірленді, – деді кездесуде Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы аталмыш ауданда өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту бойынша қажетті барлық ресурстардың бар екенін алға тартып, алайда оның облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы өнім көлеміне қосып келе жатқан үлес салмағы өте төмен екендігін, небәрі 2,1 пайызды құрайтынын сынға алды. Ауданның негізгі кәсіпорындарын атап өтсек, олар – «Бірінші жел электр станциясы», «Golden Energy Corp», «Көмір ресурсы» және «КИ 811 автожөндеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Сондай-ақ, өнеркәсіп саласында «ТМЗ Сервис Қазақстан», «Қазалту» серіктестіктері мен шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ерейментау су арнасы», «Теплосервис» секілді коммуналдық мекемелер бар.

–Қазір біз ауданға инвесторлар тарту үшін оларды қызықтыратын жағдай жасауымыз қажет. Оны ең қарапайым жұмыстан бастайықшы.  Ауданның оң имиджін қалыптастырып, оның инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпаратты жан-жаққа тарату керек, – деді сөз барысында Марат Мұратұлы.

Биыл ауданға жоспар бойынша 25 миллиард теңгенің инвестициясы тартылуы қажет. Бұл үшін гидропонды жем өсіру, көкөніс және астық қоймаларын, марал шаруашылығы мен пантамен емдеу орталығын салу тәрізді ауқымды жобалар көзделген. Осы жобалар аясында 34 жұмыс орны ашылмақшы.

Аудандағы басым бағыттардың бірі – мал шаруашылығымен 180 ауыл шаруашылығы құрылымы айналысады. Жалпыұлттық пул шеңберінде мұнда сиыр және қоян етін өндіретін ірі агроөнеркәсіптік кешен салу көзделген. Осы ретте, 2026 жылы 328 жұмыс орнын құрайтын бұл кәсіпорын іске қосылады деп жоспарланыпты.

– Ауданның табиғаты мен климаттық жағдайын ескеріп, майлы және жемшөп дақылдары алқаптарын ұлғайту керек. Өнімділікті арттыру үшін минералды тыңайтқыштарды, жоғары сапалы тұқым мен өсімдіктерді қорғайтын құралдарды пайдаланып, агротехникалық іс-шараларды қолға алыңыздар, суармалы егіншілікті дамытыңыздар, – деп тапсырма берді облыс әкімі.

Өңір басшысы өз баяндамасында аудандағы барлық бастамалар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталуы тиістігін ескертіп,  әлеуметтік салаға көп көңіл бөлді. Биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Еркіншілік ауылында дәрігерлік амбулатория салу, денсаулық сақтау саласының төрт мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Ағымдағы жылы Ақсуат ауылында 50 орындық жеке меншік бөбекжай ашылып, Сілеті, Өлеңті ауылдары мен Ерейментау қаласының мектептеріне, сондай-ақ, «Жұлдыз» балалар сауықтыру орталығына күрделі жөндеу жүргізіледі.

–Жақында спорт мектебінің балаларын тасымалдау мәселесі шешіледі. Бұл көлік мәселесін балалардың ата-аналары көтеріп, маған өтініш білдірген еді, осыған байланысты биыл «Газель» микроавтобусын сатып алуға бюджеттен 19,3 миллион теңге қарастырдық, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге, кездесуде аудан орталығындағы сақалды құрылыстар, кадр тапшылығы, ветеринарлық дәрігерлердің жетіспеушілігі, аймаққа туристерді тарту жағдайының дұрыс жолға қойылмауы, ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар өзекті мәселелер кеңінен қозғалып, талқыланды.

– Аудан кәсіпкерлікті дамыту резервтері мен мемлекеттік қолдау түріндегі қолда бар әлеуетті толық пайдаланбай отыр. Өңірде мемлекеттік қолдау алған жобалар саны төмендеп бара жатыр. Мәселен, 2021 жылы 9 жоба, 2022 жылы – 11, 2023 жылы 6 жоба ғана ұсынылған болса, ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін шағын орта бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы аясында 115 миллион теңгенің 1 жобасы ғана субсидияланыпты. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 044-ке дейін төмендеп, азайған, – деп атап өтті Марат Ахметжанов. –Ал, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдау шараларының өте төмен болуы –ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нашар жүргізілуінен. Тіпті, кей жерлерде ауыл тұрғындары субсидия туралы білмейді де. Себебі, оларды ақпараттандыратын жұмыстар жүргізілмеген.

Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен ауданға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясының өңірлік филиалдарының, «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, «Қазагроқаржы», «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамдарының өкілдері келіп, аграршыларға мемлекеттік қолдау шеңберінде қаржыландыру мәселелері бойынша консультациялар өткізді. Айта кетейік, жыл басынан бері Ерейментау ауданында агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау 2,6 миллиард теңгені құраған, оның 1,5 миллиард теңгесі қайтарымсыз.

Кездесу соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан білім, денсаулық, басқа да инфрақұрылымдар және ауыл шаруашылығы салаларының үздіктері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Әкімнің азаматтарды жеке қабылдауында аудан тұрғындары ауыз сумен жабдықтау, жол салу және жөндеу, тұрғын үй мәселесі бойынша өтініштерін айтты. Бұл қабылдауда жас мамандардың көтерме ақысын төлеу мәселесі оң шешімін тапты.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Күре жолдан бастап энергия көздерімен жабдықтауға дейін – Қазақстан инфрақұрылымы қалай жақсаруда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген инфрақұрылымды жаңғыртудың кешенді тәсілі – маңызды бағыттардың бірі. Әр міндетке басымдық беру 2024 жылғы ақпанда Үкіметтің...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img