spot_img
Жұма, Қараша 22, 2024
-7.4 C
Kokshetau

Наурыз мейрамы биыл ерекше атап өтіледі

Сондай-ақ...оқыңыз

Наурыз мейрамы – ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға негізделген, жаңа жылдың басталуын бейнелейтін басты мерекелеріміздің бірі. Қоғамның бірлігі мен сергектігін арттырып, әр адамды ел мүддесіне пайдалы іс тындыруға және өз өмірін тың серпінмен қайта бастауға ынталандыру қазіргі мейрамның басты мәні болып табылады.

Мұның бәрі халқымыздың дүниетанымымен, ұлттық сана-сезімімен және игі өзгерістерге деген ұмтылысымен үндес. Наурыз мейрамын тойлаудың биылғы ерекшеліктер туралы облыстық  ішкі саясат, мәдениет басқармаларының басшылары Алмас Алин мен Айгүл Сәбитова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтып берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейін талай мәрте Наурыз мерекесінің форматын жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын. Ақмола облысында Наурыз мерекесіне орай, 5 мыңнан астам түрлі іс-шаралар өткізіледі. Наурыз мерекесіне елді мекендерді безендіру шаралары аясында облыс көлемінде 300-ден аса баннер, 500-ден астам пилон және 1,5 мың безендірудің басқа түрлерін орналастыру жоспарлануда, – деді өз сөзінде Алмас Аянұлы.

Қазақ даласында Наурызды сегіз күн тойлаудың салты мен тәжірибесі туралы белгілі этнограф, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Наурызнама» атты еңбегінде атап өткен. Биылдан бастап, 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған «Наурызнама онкүндігі» жарияланғаны белгілі болды. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға бағытталған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болады.

«Мерекелік онкүндік 14 наурыз – «Көрісу күні», яғни, Амал мерекесінен басталады. 15 наурыз – «Қайырымдылық күні» – қайырымдылық, мейірімділік пен тату көршілікті насихаттауға арналады. 16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» – облыс аумағында жергілікті авторлар, суретшілер, мүсіншілер туындыларының тұсаукесерлері, премьералары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, 17 наурыз – «Шаңырақ күні» – сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтар насихатталады. Наурыздың 18-і – «Ұлттық киім күні» – ата-бабамызды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарды еске алатын күн. Ал, 19-ы – «Жаңару күні» – сөзбе-сөз мағынада да, қоғамдық-саяси тұрғыда да «Өмірдің жаңаруын» бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылады. 20 наурыз – «Ұлттық спорт күніне» байланысты барлық өңірлерде ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар мен турнирлер өткізіледі. 21 наурыз – «Ынтымақ күні» болып белгіленіп, жалпыхалықтық бірлік марафоны, яғни, өткенді еске түсіруден, ата-бабамыздың қазіргі уақытты қалыптастыруға және сақтауға қосқан үлесінің маңыздылығын түсінуден тұрады. Және 22 наурыз – «Жыл басы». Оныншы күн 23-і – «Тазару күні» – ұлттық экологиялық науқанға арналған.

Сонымен бірге, мәдениет басқармасы тарапынан да ілкімді шаралар жоспарланған. 14-20 наурыз аралығында тұңғыш рет «РИО» сауда ойын-сауық орталығында креативті индустрияны қолдауға бағытталған «Ғасырлар үні» жобасы аясында облыстың халықтық фольклорлық ансамбльдерінің концерті мен «Көшпенділер мұрасы-Open space» аймағы ұйымдастырылады. Сәнді-қолданбалы  өнер шеберлерінің көрмесі мен жаппай сатылымдар жоспарланып отыр. Концерттік бағдарламаны 25 жылдық тарихы бар, репертуары өте бай, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Көкшетау» мәдениет сарайының «Кербез сұлу» фольклорлық ансамблі ашады.

– «Жыл басы күні» Көкшетау қаласының алаңдары жаңа нақышта безендіріліп, алғаш рет 3 ауыл тігіледі. Олар – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын Біржан салдың 190 жылдығына және халық композиторы, атақты палуан Балуан Шолақтың 160 жылдығына арналған ауылдар және Қолөнершілер ауылы. Абылай хан алаңында бой көтерген 16 киіз үйде қазақ халқының ұмыт қалған салт-дәстүрлерінен көріністер ұсынылады. Біржан сал ауылы қала тұрғындары мен қонақтарын «Наурыз – көктем, жыр думан!» атты ауқымды театрландырылған қойылымына шақырады. Алаңда 200-ден астам домбырашылардың қатысуымен «Домбыра пати», 300-ден аса бишілердің қатысуымен хореографиялық композиция ұйымдастырылып, Қазақстанның эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді, – дейді Айгүл Баубекқызы.

Осы жылғы мерекенің бірегейлігі Наурыздың бірыңғай логотипі – «Үш қызғалдақ» арқылы бейнеленген. Біздің ата-бабаларымыз ежелден қызғалдақты қастерлеп, оны көктеммен, махаббатпен, құнарлылықпен, өмірдің жаңаруы мен тіршіліктің мәңгілік циклімен байланыстырған. Сондықтан бұл таңғажайып гүл – Ұлы Дала мерекесінің басты символы. Наурыздың бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын бейнелейді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ.

 

 

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img