spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

Ақмолада 300 адамның саусақ іздері тіркелді

Сондай-ақ...оқыңыз

Жаңа 2024 жылдан бастап ел аумағында тұрып жатқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға саусақ іздерін тіркеу міндеттелді. Бүгінде облыс аумағында 300-ден астам адам осындай тіркеуден өтіп үлгерген.

Бұған дейін саусақ іздерін Қазақстан азаматтарынан да алу туралы ұсыныстың болғаны әлемжеліден белгілі. Алайда, заңнамаға өзгертулер енгізіліп, отандастарымыз үшін бұл үрдіс міндетті емес болып бекітілді. Жоғарыда атап өткеніміздей өңірдің 300 азаматы саусақ іздерін тіркеуге тапсырған. Олардың 200-ге жуығы шетелдіктер болса, 126-сы Қазақстан азаматтары екен.

Жалпы, Қазақстан Республикасының «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңы 2016 жылы қабылданған болатын. Алайда, толық әрі нақты ақпараттың жоқтығынан тұрғындар арасында түсінбеушіліктер көптеп орын алды. Араға бірнеше жыл салып, саусақ іздерін тапсыруға міндетті адамдар тізіміне өзгертулер енгізілді. Мәселен, Қазақстан Республикасының азаматы теңізші куәлігін алатын болса, оған міндетті түрде дактилоскопиялық тіркеуден өту қажет.

–«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңға сәйкес саусақ іздерін Қазақстан аумағында уақытша және тұрақты тұратын шетелдіктер тапсыруға міндеттеледі. Ал, отандастарымыз жеке куәлік немесе  Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын алған кезде өздері ниет білдірсе ғана тапсырады. Саусақ ізін тіркеу үшін кез келген азамат халыққа қызмет көрсету орталықтарына, облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметіне өтініш жасап, арнайы жабдықталған орында тапсыра алады, –деді облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Жеңіс Қарақойшынов.

Шетел азаматтары үшін саусақ ізін тапсыру Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат ресімдегенде, босқын немесе баспана іздеушінің куәлігін не визасын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін алған кезде міндетті болады. Мамандардың айтуынша, саусақ ізін тіркеу жалған құжат әзірлеуге жол бермей, құжат иелерін алаяқтардан қорғайды. Сондай-ақ, жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үрдісінің уақытын айтарлықтай жылдамдатады. Сонымен бірге, Қазақстан азаматтары үшін кей елдердің шекарасынан өтуге де біршама жеңіл болмақ. Бұған қоса, із-түссіз жоғалғандарды табу уақыты да азаяды деп күтілуде.  Ең бастысы құжаттарға биометриялық анықтамаларды енгізу халықаралық талаптарға біртабан жақындау мүмкіндігін туғызады. Десе де, қазақстандықтар құжат әзірлеген кезде өздері ниет білдірсе ғана саусақ ізін тапсырады.

–Мен өзімнің жеке куәлігімді ауыстырғалы келіп едім, саусақ іздерін пайдаландым. Маған бұл қызмет түрі ұнады, көп уақыт алмайды. Небары 5 минут уақыт аралығында әр саусақты сканерлеп шықты. Келешекте шетелге шықсам, қажет болар деп тапсырдым, –дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Рысжан Қазиханова.

Жалпы, облыста бұл үрдісті жүзеге асыруға бөлінген қаржы толық игеріліп, қажетті жабдықтар мен сканерлер тиісінше сатып алыныпты.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img