«Оны дайындау барысында Еуропа елдерінің халықаралық тәжірибесі, Біріккен Ұлттар ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының стратегиялық құжаттары жан-жақты зерделенді», – деп мәлім етті министр.
Оның ақпаратына сәйкес, ел Парламенті Мәжілісінде жұмыс тобының 16-дан астам отырысы өтіп, 5 арнайы тыңдау өтті, Мәжілістің Қоғамдық палатасында жан-жақты талқыланды.
Аида Балаева ұсынылған жаңа заң қамтитын негізгі новеллаларға тоқталды.
«Бірінші. Болашақ Заң ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға шағым түсіру кезеңіне шек қоймайды. Десе де, БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында, азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деп шешілді», – деді сала басшысы.
Оның айтуынша, аталған шара, ең алдымен, ұзақ уақыт өткеннен кейін сот қысымына ұшырауы мүмкін журналистердің құқығын қорғауға бағытталған.
«Екінші. Заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап, оларға берілуі тиіс жауаптарға нақты мерзім белгіледі. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5-уге қысқартылды. Бұл шешім ОБСЕ (ЕҚЫҰ) тарапынан да жақсы баға алып үлгерді», – деп атап көрсетті ведомтсво басшысы.
Сондай-ақ заңсыз спутниктік ақпарат құрылғыларымен күресу мақсатында ресми отандық құрылғылар орнатуға арнайы субсидия қарастырылады. Яғни, бұл норма жазалау принципінен бас тартып, отандық кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы жүзеге асырылмақ. Бұған қоса,мемлекеттің ақпараттық тапсырысын тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізіледі. Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығармашылық әлеуетіне бағытталады.
«Бесінші. Қазіргі таңда елімізде ақпарат саласының жай-күйі мен журналистердің құқығын бағалайтын жыл сайынғы бірыңғай кешенді құжат жоқ. Осыны ескере отырып, отандық медиа саласының жай-күйін бағалау, журналистердің құқықтары мен бостандықтарына мониторинг жүргізу және заң жобасы аясында тиісті ұсыныстар әзірлеу мақсатында министрлік жыл сайын тиісті Ұлттық баяндама әзірлейтін болады», – деп мәлім етті Аида Балаева.
Оған қоса, журналистерді түрлі шараларға қатысуға аккредитациялауды автоматты түрде жасау үшін арнайы пресс-карта енгізу ұсынылады.
Айта кетерлігі, бұл новелла қызу талқылануда, оған қатысты медиа қауымдастық өкілдері мен жұмыс тобы мүшелерінің пікірі екі жақты болды.
«Бұл мәселедегі біздің басты мақсатымыз – аккредиттеу процестерін автоматтандыру. Ал оны жүзеге асырудың басқа да формаларына министрлік жалпы қарсы емес екенін айта кеткім келеді», – деді министр.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға және оның үлесін 50-ден 70 пайызға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту арқылы отандық контентті дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды жариялаған болатын. Осы ретте сала өкілдерінің пікірін ескере отырып, министрлік кезең-кезеңімен көшуді ұсынды.
Депутаттар ұсынған жаңашылдықтар шетелдік теле-радио бағдарламалардың ретрансляциясын 20%-дан 10%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ өңірлік және балаларға арналған БАҚ-ты қолдаудың бірқатар стандарттарына да қатысты болып отыр.
Қазір депутаттар ұсынған түзетулер жұмыс тобының отырыстарында талқылануда.
«Заң жобасын әзірлеу барысында сала өкілдерінен түскен барлық ұсыныстар ескеріліп, пысықталатынын атап өткім келеді. Министрлік заң жобасын бірлесе, ашық талқылауға әрдайым дайын», – деп қорытындылады өз сөзін мәдениет және ақпарат министрі.