Көкшетауда болашақ сарбаздарды, олардың ата-аналары мен жұртшылық өкілдерін біріктірген «Әскерге шақырылушы күні» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерзімді әскери қызметке аттанатын жастарды шығарып салу рәсімі «Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырылып, онда жас ұрпаққа арналған ізгі тілектер, қолдау мен мақтаныш сөздері айтылды.

Жыл сайын мұндай іс-шаралардың мазмұны тереңдей түсіп, тек ресми рәсім шеңберінен шығып келеді. Бұл – жай ғана әскерге шығарып салу емес, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырудың, Отан алдындағы борышын саналы түрде түсінудің маңызды кезеңі. «Әскерге шақырылушы күнінің» басты мақсаты – патриоттық сананы қалыптастыру, жоғары жауапкершілік пен тәртіптілікке тәрбиелеу, әскери антқа адалдықты нығайту, сондай-ақ Қарулы Күштердегі қызметтің беделін арттыру.

Салтанатты жиынды ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досулан Айтбаев қазіргі Қазақстан армиясы мемлекеттің сенімді тірегі болып қала беретінін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік шекараны қорғайды және азаматтардың бейбіт өмір сүруіне кепіл болады. Соның арқасында біз дамып, болашақты құрып, ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік алып отырмыз», — деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ әскерге шақырылушыларға ақ жол тілегендердің қатарында Қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Марғұлан Шагиев және Ақмола облыстық «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ыбырай Дуанбай болды. Олар әскери қызметтің ерлік пен жігерді, азаматтық кемелдікті қалыптастыратын маңызды мектеп екенін атап өтті.

Іс-шараға ата-аналар мен әскерге шақырылушылардың жүрекжарды сөздері ерекше әсер берді. Болашақ сарбаздардың бірінің анасы сөз сөйлеп, жастарға көрсетілген қолдау мен қамқорлық үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде, әскерге аттанушылар Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуге дайын екендерін жеткізді.
Салтанатты рәсім аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атынан әскерге шақырылушыларға әскери жабдықтар салынған сыйлық дорбалар табысталды. Сонымен қатар, жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.



