Зеренді ауылында заманауи жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Жергілікті бизнеске серпін беріп отырған кәсіпорын — «KazWood» Altair Zhihaz Mebel ЖШС. Бүгінде мұнда онға жуық маман еңбек етіп, қызметкерлер үшін қолайлы еңбек және тұрмыстық жағдай жасалған.
Кәсіпорын жиһаз өнімдерінің толық спектрін ұсынады. Классикалық кереуеттер мен шкафтардан бастап, күрделі гардероб жүйелері, ас үй жиһаздары мен корпус жиһаздарына дейінгі өнімдер әртүрлі талғам мен бюджетке лайықталған. Өндірісте премиум санаттағы материалдар қолданылады: фасадтарға арналған ЛДСП мен МДФ, сәндік пленка, табиғи шпон, сондай-ақ жеке тапсырыс бойынша бояу. Дайын өнімдер беріктігімен, қолайлылығымен және заманауи дизайнымен ерекшеленіп, нарықта бәсекеге қабілетті болып отыр.
Негізгі тапсырыстар жақын маңдағы Көкшетау қаласынан түседі. Сонымен қатар өнім өткізу географиясы аудан шегінен шығып, Астана қаласындағы мамандандырылған сауда нүктелері арқылы жүзеге асырылуда. Бұл компанияның нарықтағы орнын нығайтып, жаңа тұтынушылар тартуына мүмкіндік беріп, Зеренді ауданының инфрақұрылымдық дамуына да оң әсерін тигізуде.
«KazWood» ЖШС директоры Айгерім Кәліпенова кәсіпорынның ерекшелігін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бұл — Зеренді ауылындағы жалғыз ресми жиһаз өндірісі.
«Біз корпус және жұмсақ жиһаздар, кереуеттер мен шкафтар дайындаймыз. Сонымен қатар үйлер, моншалар мен беседкалар да жасай аламыз. МДФ және ЛДСП материалдарымен жұмыс істейміз, әртүрлі технологияларды — бояу, пленка, шпонды қолданамыз. Кәсіпорын құрылымында алты цех бар: жұмсақ жиһаз цехы, ағаш өңдеу, вакуумды, ЧПУ, бояу және құрастыру цехтары», — деді директор.
Кәсіпорында ұлттық мәдениет пен заманауи дизайн үрдістерін үйлестіретін бірегей өнімдерге ерекше көңіл бөлінеді. Солардың бірі — жеке эскиздер бойынша дайындалатын, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген МДФ есіктер. Бұл жаңашыл өнім тұтынушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие.
«Түс пен өрнек тапсырыс берушінің қалауына сай таңдалады. Көпшілік өз үйінің интерьерінде ұлттық нақыштың болғанын қалайды», — деп атап өтті Айгерім Кәліпенова.
Сондай-ақ кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, Зеренді ауданындағы экономикалық орта шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы. Бұл жағдай өнім түрлерін кеңейтуге, жаңа бағыттарды енгізуге және лайықты еңбек жағдайы мен әлеуметтік қолдауы бар қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.



