Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңір халқының су құбыры қызметтеріне қолжетімділігі 100 пайызды құрады. 36 елді мекенде су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, 20 ауыл мен 4 қалада қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Шағын ауылдар үшін суды тазартатын 41 кешенді блок-модуль орнатылды, сондай-ақ облыс орталығында тәулігіне 30 мың текше метр су тазартуға қауқарлы жаңа су тазарту нысандары пайдалануға берілді.
Жылыту маусымы қалыпты режимде өтуде. Жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға 43 млрд теңгеден астам қаражат, оның ішінде елеулі жеке инвестициялар бағытталды. 59 қазандық ауыстырылып, жылу желілері жөнделіп, қайта жаңғыртылды, 3 блок-модульді қазандық іске қосылды. Бұл инфрақұрылымның тозуын азайтып, мыңдаған абоненттер үшін жылумен қамту сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Электрмен жабдықтау саласын дамыту жалғасуда: инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, Шортанды, Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласының 3 мыңнан астам абонентін тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ елорда маңындағы аймақта электр желілерінің құрылысы жүргізілуде, бұл тарифтерді төмендетіп, энергиямен қамту сенімділігін арттыруға ықпал етеді.
«Бүгінде 25 елді мекен газдандырылып, 120 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді. 2026 жылы тағы 7 елді мекенді газға қосу, сондай-ақ газдандырылған аумақтарда желілерді кеңейту жоспарланып отыр. Халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған», – деп атап өтті ведомство басшысы Бақтыбек Жапаев.



