Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды.
🟦Энергетика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, IT, білім беру және медицина салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға баса назар аударылды.
🟦Қазақстан Президенті екі ел арасында барлық деңгейде белсенді әрі табысты байланыс орнағанын атап өтті. Үкіметтеріміз жүйелі жұмыс жүргізіп, ведомствоаралық байланыс нығайып келеді. Елдеріміз көпжақты құрылымдар аясында нәтижелі қарым-қатынас жасайды.
🟦Мемлекет басшысының айтуынша, Астана мен Ашхабадтың өңірлік, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша көзқарастары мен ұстанымдары ұқсас.
🟦Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпалдастыққа айрықша назар аударды. Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға дейін ұлғайды.
🟦Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 миллион доллардан асты.
🟦Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстың даму қарқынына тоқталды. Президент екі елдің мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, көрнекті қайраткерлердің ескерткіштерін ашу шаралары қос халықтың мәдени-рухани мұрасына айтарлықтай үлес қосады деп санайды.
t.me/aqorda_resmi



