Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Бірлестік орта мектебінің директоры білім беру саласына 40 жыл өмірін арнады, оның ішінде директор болып 30 жылдан астам жұмыс істейді.
Ануарбек Кенжеболатұлы 1985 жылы Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы педагогика институтының физика-математика мамандығын бітіріп, еңбек жолын алғаш СҚО Айыртау ауданына қарасты Бірлестік аулының сегіз жылдық мектебінде бастады. Физика пәні мұғалімі қызметіне қоса 1989-1991 жылдар аралығында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарды. 1992 жылдың қыркүйек айынан бастап, Бірлестік орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалды.
Жұмыс жасаған уақытта Бірлестік орта мектебі облыс, аудан көлемінде жоғары жетістіктерге ие болып, алдыңғы озық мектептер қатарынан көрінуде. 2009 жылы Ануарбек Кенжеболатұлының еңбегі бағаланып «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері болды.
– Мен өз жұмысымды жүрекпен таңдадым, мектепсіз өмірімде елестете алмаймын. Білім беру саласы мен үшін ең беделді бағыт. Оқушыларым мен ұжымымды өте жақсы көремін, 40 жыл көзді ашып жұмғанша қалай өтіп кеткенін білмей қалдым. Ұстаздықты таңдағаныма еш өкінбеймін, себебі бұл менің өмірім мен сүйікті жұмысым. Оқушыларымыз облыстық, басқа да олимпиадаларда Бірлестік орта мектебінің абыройын қорғап, жетістікке жеткенде өз еңбегімнің нәтижесін көріп, қатты қуанамын. Мен үшін мектептің өмірі өте маңызды, білім ордасының өркендеп дамуына ары қарай да үлес қосуға дайынмын. Білім беру деңгейі елімізде жыл сайын дамып келеді, біз де жаңа бағыт – бағдарға бейімделіп, замануи білім беру әдістерін қолданудамыз, – дейді Ануарбек Махметов.
Оның айтуынша, бүгінгі күнде оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
-2024-2025 оқу жылы бойынша мектебімізде 70 оқушы сапалы білім, сапалы тәрбиемен қарулануда. Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу ұйымы: даярлық сыныбында 4, шағын орталықта 12 тәрбиеленушісі бар. Мектебімізде жаңа модификацияланған физика, информатика және мультимедия кабинеттері бар. Интернет желісі жақсы жұмыс жасайды. Барлық оқушылар аудандық білім бөлімінің қорынан 100% оқулықпен қамтамасыз етілген. 1-4 сынып оқушылары түгел және әлеуметтік осал санаттағы 21 оқушы тегін тамақпен қамтылған. Оқушылардың білім мен тәрбие алуы үшін 60 қызметкер, оның ішінде 32 педагог жұмыс жасайды. Педагог кадр бойынша қажеттілік жоқ. Барлық педагог өз мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Мектебімізде 2 педагог педагог-зерттеуші, 11-і педагог-сарапшы, 16-сы педагог-модератор санатында, – деп хабарлады Ануарбек Кенжеболатұлы.
Бірлестік орта мектебінің оқушылары аудандық, облыстық, Республикалық «Абай», «Мағжан», «Махамбет» оқуларының, республикалық пән олимпиадаларының, ғылыми жобалардың және түрлі сайыстардың, спорттық жарыстардың аудандық, облыстық, республикалық жүлделі орындар иегерлері. 2007 жылдан бері 14 түлек «Алтын белгі» , 3 түлек «Қызыл аттестат» иегерлері атанып, білім орласының мәртебесін көтерді. Ануарбек Кенжеболатұлының 2009 жылғы шәкірті Аленова Гүлзада Астана қаласындағы Евразия ұлттық университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару факультетін кілең «5»-ке аяқтаған соң, «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінің магистратурасын тәмамдап, Алматы қаласында қызмет жасауда.
Оған қоса, ҰБТ-ға сапалы дайындық нәтижесінде мектеп үнемі үздіктер қатарынан көрінуде. Өткен оқу жылы қорытындысы бойынша жалпы орта білім курсын аяқтаған 2 «Алтын белгі» иегерлерінің ҰБТ қорытындысы бойынша мүмкін болған 140 балдың 131-ін алған Рахымбек Риза Астана қаласында М.С. Нарықбаев атындағы KAZGUU университетінде халықаралық қатынастар оқу бағдарламасы бойынша 1- курс студенті болса, 127 балл жинаған Тұяқ Жаннұр ұстазы Ануарбек Кенжеболатұлының жолын қуып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің математика-физика факультетінде білім алып жүр. Ұстазының жолын қуып, математика факультетінің грант иегерлері атанып, осы мамандыққа ие болған басқа да оқушылары жетерлік. Олар өткен жылғы түлегі Ануарбекова Ақбөпе, оның алдыңғы жылдары Мажитов Ермек, Құттыбай Ерболсын т.б. Ануарбек Кенжеболатұлының алдынан шыққан қаншама жас өрендер өмірден өз орындарын тауып, еліміздің бір кірпіші болып қалануда.
Бұл жетістктердің бәрі білікті маман, мықты ұстаз, дана басшы Ануарбек Махметовтың адал еңбегі мен қосқан зор үлесінің нәтижесі екені сөзсіз!