Автор : Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облысы полиция департаментінің өкілдері «Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылық кепілі» тақырыбында журналистермен брифинг өткізді. Департамент бастығының орынбасары Бахтияр Утекин ведомство қызметінің соңғы он бір айдағы жұмыс қорытындысын баяндады.
Мемлекет басшысының және азаматтық қоғамның тапсырмаларын орындау мақсатында, Ақмола облысының Полиция департаменті, әділдіктің негізгі көрсеткіші ретінде, «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндеттерді орындайды.
Брифингте айтылғандай, өңірде қылмыстық ахуал тұрақты, десе де, қоғам тәртібі мен қауіпсіздігін қадағалаушылар қылмыстардың алдын алуға бағытталған күшейтілген шараларды қабылдап, тәулік бойы аттан түспеуге дағдыланған. Соның нәтижесінде аймақта соңғы бес жылда қылмыс фактілері азайған.
Салыстырмалы түрде назар аударсақ, алдыңғы жылдарда 53 кісі өлімі тіркелсе, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш азайып, 29 кісі өлімі орын алып отыр,-дейді баяндамашы полиция қызметінің соңғы нәтижелеріне назар аудартып.
Брифинг кезіндегі жауапты орган өкілінің мәліметінше, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасап, жиырма бес жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталған. Ол бес бірдей кісі өліміне қатысты жауапқа тартылып, қылмысы дәлелденіп, оған осы жылдың тамыз айында қылмыс кодексінің ең ұзақ мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Соңғы он айда ішкі істер органдарының біріккен профилактикалық жұмысы нәтижесінде, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 74-тен 67-ге, бопсалау 54-тен 36-ға, тонау 37-ден 36-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 22 пайызға, пәтер ұрлығы 12 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 3,1 пайызға, мал ұрлығы 54 пайызға азайған.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етушілер бүгінде интернет желісі арқылы орын алатын алаяқтық қылмыстардың өршіп тұрғанын айтады.
Мәселен, өткен айларда өңірде интернет алаяқтықтың 111 фактісі тіркелген. Бұл қылмыстар тұрғындарға жалған онлайн-қызмет көрсету арқылы хакерлік бағдарламалармен жүзеге асқан. Алданып қалған тұрғындардан жымқырылған қаражат халықаралық аударым арқылы алынады немесе криптовалютаға айналдырылады. Тұрғындардың арызына сәйкес, алаяқтар 260 теңгені жымқырып үлгерген.
Осы тектес қылмыстардың көптеп орын алуына байланысты Ақмола полицейлері келер жылы алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында жеке бөлім құруды жоспарлап отыр. Бүгінде департамент жанында білікті IТ мамандары іріктелініп, алдағы жұмыс жоспары бекітілген.
Ауыздықтап, қылмыскерлердің аты-жөнін аймандай етсе де тиылмай тұрған тағы бір қылмыстың түрі – өңірге есірткі өнімдерін тасымалдау ісі. Полицейлер осы уақыт аралығында барлығы 1097 профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, 278 қылмыстың бетін ашқан. Полицейлер облыс аумағына есірткі заттарын жеткізіп жатқан тоғыз ірі арнаның жолын кескен. Соның нәтижесінде синтетикалық заттар мен марихуананы қоса есептегенде барлығы 366 келіден астам есірткі тәркіленіп, жойылған.
Брифинг соңында департамент басшысының орынбасары жол көлік оқиғаларына тоқталды. Өңірде жол қауіпсіздігін 536 патрульдік полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді. Олардың жартысына жуыға республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда жұмыс істейді. Өкінішке орай, қабылданып жатқан шараларға қарамастан жыл сайын жол апатынан жүздеген адамдар қайтыс болады.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жергілікті полиция басқармасы жыл басынан бері үгіт-насихат жұмыстарын тоқтатқан емес. Жолдардың апатты учаскелерінде кезекшіліктер күшейтіліп, «Екин-Патрол», «Сергек Патрол» және «Автоураган – МС» жылжымалы кешендері жұмыс істейді. Полиция өкілдері тұрғындарға жол үстінде жылдамдықты асырмай, барынша өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуді ескертеді.