Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің педагогикалық институт факультеті, шығармашылық және спорт кафедрасының оқытушысы Кайрат Ахметов еркін күрестен спорт шеберінің үміткері, жоғарғы дене шынықтыру және спорт маманы, педагогика және психология магистрі. Ол өз ісіне адал білікті мамандардың бірі. Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Шүкірлік ауылының тумасы, Саумалкөл қазақ орта мектебінде білім алып, сол жерде спортпен шұғылдана бастады. Еңбек өтілі – 20 жыл.
-Мен өз жұмысымды өте қатты жақсы көремін, себебі спортты жаным ұнатады. Әрине, жұмыстың қиыншылығы да бар, студентердің спортқа деген қызығушылын ояту керек. өсіп келе жатқан жастарды спортқа тарту – үлкен жұмыс. Менің ойымша, жастарды салауатты өмір салтына қызықтырып, көптеген мысалдар келтіру керек, атақты спортшылардың өмір тарихын насихаттаған жөн. Дене шынықтыру мұғалімі, біріншіден, тұлға болу керек : оның ішінде сабырлылық, шыдамдылық, қызметке деген адалдық болуы керек, әр маман өз жұмысын жақсы білуі абзал. Мен өз мамандығымды жоғары бағалаймын, қазіргі таңда дене шынықтыру сұранысқа ие мамандық болып саналады, оны игерген адам әскери қызмет, ішкі істер құрылымдары және спортпен байланысты кәсіппен айналыса алады, – дейді Кайрат Тілекұлы.
Оның шәкірттері көптеген қалалық, облыстық және халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсеткен. Қайраттың айтуынша, студенттердің жетістігі тікелей ұстазға байланысты.
-Мен студентермен әр түрлі сабақ жүргіземін : кей кезде қаталмын, кейде жұмсақпын. студент өтірік алдағанда қатты ашулануым мүмкін, бірақ оларды жаман оқушы немесе жақсы деп бөле алмаймын, әлі жас, көп нәрсені толық түсіне бермейді, сондықтан бәрі алда. Иә, әрине сабақты босататын студенттер бар, бірақ олар біледі, қарыздарын өтемей баға қойылмайтынын. Шамам келгенше өзімді формада ұстауға тырысамын. Спорттық тәртіп көп жағдайда көмегі тиеді : күнделікті өмірде болсын, қиын жағдайда өзіңді ұстау, депрессияға кірмеуге, көп ашуға салынбауға, сабыр сақтауға көмектеседі. Бала кезімнен нағашы ағаларымның қолында өстім, ол кісілер спортқа өте жақын болды,мен сол кісілерге қызыға қарайтынмын,сол себептен болар, мен үшін спорт бірінші орында, – дейді Қайрат Ахметов.
Білікті ұстаз өзінің тәлімгерлерін осы күнге дейін ұмытпай, оларға шексіз алғысын білдіруде.
-Мен 8 – ші сыныпта СҚО , Айыртау ауданы, Саумалкөл селосына Шүкірлік ауылынан көшіп келдім, аудандық қазақ орта мектебінде Бадымов Қажығали Имамбекұлының қарамағында еркін күреспен айналыса бастадым. Ол кісіге алғысым шексіз, көптеген спортқа байланысты дүниені үйретті. Оған қоса марқұм болған оның жұбайы Күлшара Қайдарқызына ризамын, психологиялық жағынан және өз-өзіңді танудан көп ақыл кеңес беретін. Солардың арқасында мықты болуды, мақсат қойып, оған ұмтылуды, еріншектіктен арылып спортқа өмірімді арнадым, – деп әңгіме тарқатты ұстаз.