(Қазақстан Республикасының ПрезидентіҚасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан).
Заң мен тәртіп – әділдік орнатудың басты кепілі
Адамзат баласы әлмисақтан бері әділдік іздеп келе жатқаны бар. Сол әділдік мәселесі әлмисақтан бері толғандырып келе жатқандығы тағы да анық! «Әділдік жоқ» деп кей-кейде налитынымыз және де бар. Әркімнің өз ақиқаты мен өз әділдігі барын ескерсек, тұтас қоғам мен мемлекеттің әділ болуы аса маңызды мәселе. Біз барлық өркениетті мемлекеттер сияқты ендігі арада Әділдікті тек Заңнан ғана іздеуге тиістіміз. Заңға ғана бағынып, Заңға ғана жүгінуіміз керек! Әрине, ол үшін Заң дасауатты жасалуы керек және сол заңдарды жүзеге асыратын да, олардың орындалуын қадағалап, бағып отыратын құқық орындары да Әділ болуға тиісті. Және де Заңға бағынып, заңмен өмір сүру үшін Тәртіп те керек, әркімнің тәртіпті болмағы да керек! Соған қарап, әділдік әр адамның өз адалдығынан, тәртіптілігінен басталар деген тұжырым жасалары бар.
Әділдікке зәрулердің бірі біздің қазақ қоғамы екендігі тағы да жасырын болмаса керек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір зәрулікті сезіне отырып, 2019 жылдың 12 маусымында өзінің президенттік қызметіне ресми кірісу рәсімінде «Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз», – деп мәлімдеуі тегін емес еді.
«Біз әділетті мемлекет құрамыз» делінген Президентіміздің осы бастамасынан кейін қазақстандық қоғамда тың әрі жаңа бір өзгерістер серпілісі басталды. Қоғамдағы әділдік орнықтырудағы жақсылықтарды байқамау, сезбеу мүмкін емес қазір.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің осы жолғы Жолдауында: «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр»,–деп қазақстандық бүгінгі қоғамның өзгере бастаған бүгінгі болмыс ахуалын атап көсетіп отырғандығын әбден орынды деп санаймыз.
Әділетті Қазақстан орнықтырудың басты Ұраны да, Құралы да Заң мен Тәртіп болуы керек!
Бұл, әсіресе, бүгінгі күні түрлі көзқарастар негізінде түрлі пікірлер мен ой көзқарастарының тайталасы, кей жағдайда айтысы мен тартысы ушыға түсіп, кей жағдайда жеке адамның ар-намысын аяқ асты ету, былапыт сөйлеп, дәлелі жоқ жалған жала жабуға дейін барып қалатын, кей жағдайда Құдайға да, Құранға да, қарттарына да қарсы шығып, ата салтты мансұқтап үлкендердің айтқандарына құлақ асудан да қалып бара жатқан біздің қоғам үшін ауадай қажет!
Біз «Әділетті Қазақстан орнықтырудың басты Ұраны да, Құралы да Заң мен Тәртіп болуы керек!» деген тұжырымды осы негізде жасап отырмыз!
Және де Президентіміздің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының осы үш қағидасы,яғни, «Заң мен Тәртіп», «Экономикалық өсім», «Қоғамдық оптимизм» барлық қазақстандықтарды ортақ бір мүдде мен бір мақсатқа жұмылдырып, біріктіретін басты қағидасы мен басты иделогиясы болуы керек!
Ендігі арада экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін Президетіміз айтып отырған «Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет» дегені және Банктер туралы жаң Заң керектілігі туралы айтқаны өте маңызды мәселенің бірі.
Қазіргі уақытта халықтың банктерге деген сенімсіздігі де бар. Тіпті банктерді «халықты ашықтан ашық тонаушы» ретінде санау көзқарасы да жоқ емес. Банктер туралы жаңа Заң ендігі арада қарапайым халыққа түсінікті боларлықтай етіп жазылмақ керек.
«Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады», – деген Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған осы бір ауыз сөзі үлкен ойға жетелейді.
Қазақ банктері әлем бойынша ең көп пайда табатын банктер санатында болса, онда еліміздегі банктер беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі (процентная ставка) неге ұдайы жоғары болып келеді? Бұған керісінше, қарапайым халықтың банктерде сақтап отырған қаржылары үшін төлентетін үстеменің пайыздық мөлшері неге төмен?
Осы екі мәселе әзірге банктер халықтың мүддесінен де өз мүдделерін көбірек ойлайтындықтарын аңғартса керек. Және де «банктік құпия» деген желеумен қазақстандық банктер өз қызметтері, өз табыстары жайлыақпараттарды жариялап, айта да бермейді.
Біз ашық қоғамда өмір сүре бастағанымыз бар. Олай болса, банктердің де «ашықтығын» жолға қою керек. Кейде осы банктердің қызметіндегі ашықтықтың жоқтығынан да болар, Қазақстан бойынша жыл сайын өте көп мөлшерде қаржы шет елдерге заңсыз шығарылып келді.
Міне, бүгінгі күні қазақстандық қоғамды толғандыратын осы мәселелер банктер туралы әзірленетін жаңа заңда айқын көрініс табуы қажет деп санаймыз. Банктердің де қызметінде Заң мен тәртіп үстемдігі орнығуы керек!
***
Біздің Президентіміз Қазақстанның әлем дамуы мен өркендеуінің бүгінгі талабына сай қадам басуының және еліміздің жаһан көшінен қалып қоймауын әу бастан ойлап, соған орай ортаға ой тастап, қалың елін жетелеп келе жатқандығыныңбір мысалындай осы жолғы Жодауында инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеудің маңыздылығын атап көрсетіп және еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау жайлы алға қойыпміндеттерінің маңыздылығын айырықша екендігін атап көрсеткен ләзім! Елдің де Тәуелсіздіктің де болашағы және халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы да осы инвестициялық ахуал мен бизнестің жағдайына тығыз байланысты болса керек.
Қазір қоғамды дәрігерлік қызмет көрсету және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің олқылықтары алаңдатып отырғаны бар. Қалыптасып отырған жағдайды Мемлекет басшысының: «Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды» деп атап көрсеткеніне қарағанда қоғамның ренішті көңіл күйін түсінуге болар еді.
Медицина саласына бөлініп жатқан қыруар қаржының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және де Жолдауда атап көсетілген «бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек» деген қағида аса маңызды болса керек» деп Мемлекет басшысы тағы да дәоігерлік қыызмет көрсетудегі Заң мен Тәртіптің толық сақталуын ұғындыра түсті.
Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет екендігін айта келіп, Президентіміз «Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез–келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс»,– деді.
Жолдауда айтылғанындай мемлекет тарапынан әлеуметтік шығыстардың біртіндеп ұлғайтылып жатқандығы да ақиқат.
Қазіргі уақытта бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалуы, балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылуы, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатқандығы да жақсы. Әсіресе, «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасының іске қосылып, 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңгенің аударылуы да Жаңа Қазақстанның жақсылықтарының бірі.
Дегенмен қазір қоғамда масылдық пиғылдыңетек алып бара жатқандығы да алаңдатып отырғаны бар. «Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», – деген және де «бізде шын мәнінде әлі де болса, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес»,–деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы осы бір айтқанын одан әрі төрелететін болсақ, әлеуметтік көмек пен түрлі қайырымдылық қорларына қол жайып отыратындар қатары көбейіп бара ма деп алаңдаймыз.
Әрине, сөз жоқ қайырымдылық керек! Бірақ та қайырымдылық жасауды әсіре науқаншылдыққаайналдырудың пайдасынан да зияны басымдау түсіп жатқандай. Тіпті осы қайырымдылықты желеу етіп, жеке дара қайырымдылық қорларын ашып алып, содан кейін сол қорларға кәсіпкерлер мен барлардың қаржылай көмек сұрап жататындар қатары да көбейіп барады.
Кейбіреулерге қайырымдылық қорларын басқару мансап әрі өз күндерін күйттеудің бірі амалы болып отырғандай. Ендігі арада қоғамда Заң мен Тәртіптің үстемдігі орын алсын десек, осы қайырмыдылық та тек мемлекеттің бір заңының аясында ғана жасалуына мән берілуі керек. Мемлекет басшысының алдағы жылдың басынан бастап Үкіметке «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыру жөнінде беріп отырған тапсырмасын орындау кезінде осы жағдай қатты ескерілген абзал!
***
Жолдаудағы жетінші мәселеде «экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек»,–деген қағиданың аса маңызды факторы бар.
Қазіргі жағдайда ғалам бойынша табиғи катаклизмдер мен түрлі апаттардың көбеюі және де ауа райының күрт өзгеріске ұшырай бастауының жағдайында Мемлекет басшысының «Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек», – деген тапсырмасының ғаламдық маңызын да жоққа шығаруға болмайды.
Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі болғанымен, жеріміздің 5 пайызын ғана орман-тоғайлар алып жатқандығын Мемлекет басшысы алға тарта отырып, табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін орман алқаптарын көбейтудің еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды екендігін айтты.
Ендігі арада Адам баласы табиғат пен қоршаған орта алдындығы өз жауапкершіліктерін саналы түрде толықтай сезіне алуға тиісті. Кейде «Табиғатты қорғайық, сақтайық!» деп орман алқаптарының маңына бадырайтып осы ұранды жазып қоятынымыз бар. Сәл ойланып, табиғаттыкімнен қорғау керек, кім сақтауы керек сауалдың да ойға оралатыны бар. Сол даламыз бен орман-тоғайымызды мекендеген аңдар мен ұшқан құстар өз орталарына залал келтіріп жатпаған болар. Ақиқатында, табиғатты да және айнала қоршаған ортаны да ластап жатқандардың бірі біз – Адамдармыз!
Бұл орайда табиғат пен қоршаған ортаалдындағы адами жауапкершілікті сезінуде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының маңызы орасан екендігін айта келіп, Президентіміз «Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды», – деп атап көрсетіп, «осы бір игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді», – деп табиғатты тазарту арқылы өзінің жан дүниесін де бірге тазартып жатқан бүгінгі Қазақстанның жаңа да ізгі, адалдық пен әділдікке ұмтылған кейпін тануымыз керек.
Бұл арада Жолдауда атап көрсетілген экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау ісінде тағы да Заң мен Тәртіптің үстем тұрғандығы ауадай қажеттілігі алдымыздын шығары анық!
***
«Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру жөніндегі тұжырымы мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың одан әрі жаңа сапалы деңгейге шығарудағы маңызы зор болмақшы.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші қазақстандық қоғамның әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізуталабы жүзеге асырыла бастағандығы еліміздегі саяси жүйенің жетіле түсуіне оң ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізіліп, содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланыпты.
«Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни, ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді», – деп Президентіміз бұл аса маңызды шараның, яғни, ендігі арада әкімдерді халықтың өздері сайлау арқылы таңдап алатын саяси әдістің біріне айналатындығын қуаттай түсті.
Алайда, осы арада біздің қоғамның әлі де болса бұрынғы «Нұр Отан» партиясының қалыптастырып кеткен үрдісінен осы партияның бүгінгі мұрагері «Аманат» партиясының арыла алмай отырғандығын айтар едік. Әлі де болса кез-келген деңгейдегі әкімдік сайлауында тек «Аманаттың» өкілі ғана жеңіске жетуі керек деген пиғыл жоқ емес, бар. Тіпті кей жағдайда «Аманаттың» мүшесі әкімдікке өтпей қалып, басқа партиялардың өкілдері сайланып кетіп жатса, бұдан қауіп пен қатер көрудің, бұған кінәліні іздеу, жазалау тендециясынан мүлдем арылуға тиістіміз.
Мемлекеттің дамуына қажетті реформаларды табысты және ойдағыдай үздіксіз жалғасуын қамтамасыз еті үшін бұл арада да Заң мен Тәртіптің қатаң сақталғаны абзал!
***
«Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет!»
Бұл – Президент қойып отырған міндет! Бүгінгі заманның да, қазақстандық қоғамның да талабы осы!
«Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру», – дей келіп Мемлекет басшысы цифрлық технологиялардың жаппай енуінен көбейіп бара жатқан түрлі алаяқтардың, қарақшылықты түп-тамырымен жою және түрлі экстремистердің, оның ішінде, әсіресе,діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қарсы тұрар Заң мен Тәртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге жүктеді.
Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиістілігі алға тартылды.
Бұл арада Қазақстандағы барлық заң талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керектігі де басты мәселенің бірі екендігі ашық айтылып отыр.
«Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі осы ұстанымы Ұлттық және Мемлекеттік ұстаным болғаны абзал!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
Көкшетау.